Accessibility links

Әлеуметтік көмек талап еткен әйелдердің әкімдікте қонып жүргеніне 5 күн болды


Әлеуметтік көмек талап етіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде қонып жүрген мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар. 5 наурыз 2021 жыл. Оқырман жіберген сурет.
Әлеуметтік көмек талап етіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде қонып жүрген мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар. 5 наурыз 2021 жыл. Оқырман жіберген сурет.

Әлеуметтік көмек талап еткен бір топ ананың Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде балаларымен қонып жүргеніне 5 күн болды. Осы уақыт аралығында оларға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі мен төрт мәжіліс депутаты келіп кеткен. Бірақ наразы топ олардың жауабына қанағаттанбаған.

- 3 наурызда вице-министр келді. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар оған 32 талапты жеткізді. Вице-министр сұрақтарды қарастырып, 15 сәуірде жауабын беретінін айтты. Қайсысын орындайды, қайсысын орындамайды, сол кезде белгілі болады. Депутаттар да қалай көмектесуге болатынын қарастырып көретінін айтты. Аналар талаптары орындалмайынша сол жерде қона береді, - деді наразылықты қолдап жүрген әйелдердің бірі Ақмарал Біләлова.

Аналарға ыстық тамақ, шәйді ата-аналардың өздері тасып жүр. Ақмарал Біләлованың айтуынша, әкімдік оларға екі диван қойылған кішкентай бөлме беріп қойған. Онда балалар ұйықтайды. Ал аналардың бірі суық еденде, бірі үстелде отырып, көз шырымын алады.

Мүгедек балалардың құқықтары бұзылып жатқанын және мемлекет тарабынан көмектің барған сайын азайып бара жатқанын алға тартқан аналар билікке 32 талап қойып отыр. Арасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға сатып алу құқығымен баспана, жер телімін беру, баспана кезегіне тұрған балалар мен ата-аналардың бөлек тізімін жасау, диагнозына қарамастан мүгедектігі бар балалар мен ата-аналарына санаторийде тегін емделуіне жағдай жасау, міндетті тегін реабилитация, берілетін заттар сапасын жақсарту сияқты талаптар бар.

Наразылардың сөзіне қарағанда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен наразылыққа қосыла алмаған мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың аналар акциясын ақшалай қолдап жатыр. Әкімдікте үш күн қонып, төртінші күн баласының денсаулығына байланысты акцияға қосыла алмай қалған Қымбат Керейбайдың айтуынша, Ресей мен Оңтүстік Кореядан тұрғындар хабарласып, наразылықты қолдаған.

Аналардың сөзіне қарағанда, наразылық басталғалы бері қала әкімі Алтай Көлгінов бірде-бір рет аналарға келіп, арыз-мұңдарын тыңдамаған.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мемлекет тарабынан әлеуметтік көмектің аздығын алға тартып, жиі наразылық өткізеді. Былтыр 16 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алдында он шақты ата-ана қоларба акциясын өткізіп, биліктің назарын өздерінің баспана мәселесіне аудартқысы келген.

Ақпарат бойынша, әкімдіктің екінші бір бөлігінде көп балалы аналардың түнеп жатқанына 10-күннен асқан. Олар биліктен әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді, баспана мәселесін шешуді талап етіп отыр. Malim.kz сайтының жазуынша, осы апта басында қала әкімімен кездеспекші болған наразы төрт әйелді полиция "әкімнің есігін бұзуға тырысты" деп айыптап, бөлімшеге алып кеткен.

Қарай отырыңыз: Мүгедек баласы бар әйелдер үш күннен бері Нұр-Сұлтан әкімдігіне қонып жүр (4 наурыз 2021 жыл).

Мүгедек баласы бар әйелдер үш күннен бері Нұр-Сұлтан әкімдігіне қонып жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG