Accessibility links

"Мектептегі заңсыздықтар туралы айтып, жұмыссыз қалған" бұрынғы мұғалім жоғарғы соттан көмек сұрады


Жоғарғы сот алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Бақытжан Бейсенбаев. Нұр-Сұлтан, 11 наурыз 2021 жыл.
Жоғарғы сот алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Бақытжан Бейсенбаев. Нұр-Сұлтан, 11 наурыз 2021 жыл.

"Мектептегі заңсыз ақша жинау туралы айтып, жұмыссыз қалған" Түркістан облысының тұрғыны, бұрынғы мұғалім Бақытжан Бейсенбаев 11 наурызда Нұр-Сұлтанда жоғарғы сот алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, әділдік талап етті. Ол жоғарғы сот төрағасынан бір жыл бұрын Сарыағаш соты шығарған шешімді қайта қарауды, қызметін қалпына келтіруді сұрады. Пикет кезінде ол мектептегі "заңсыз ақша жинау барын" айтқаннан кейін жұмыстан шығып қалғанын, қысым көріп, қызметінен заңсыз шеттетілгенін айтты.

- Мен мектептегі сыбайлас жемқорлықты жойғым келеді! Сарыағаш ауданында шағым беруші сот шешіміне ықпал жасап, қате шешім шығартқызды деп есептеймін. Мен бір жарым жылдан бері әділет іздеп жүрмін. Менің айтқан сөздерімнің бәріне дәлелім бар, - дейді Бақытжан Бейсенбаев.

Былтыр Сарыағаш аудандық соты Бейсенбаевты "мектептегі ақша жинаулар" туралы "жалған ақпарат беріп, жала жапты" деп айыптаған жергілікті мектеп директорларының бірінің азаматтық өтінішін қанағаттандырған. Сот жауапкерге моральдық өтемақы ретінде 50 мың теңге төлеуге міндеттеген. Бұған қоса, жергілікті телеарна арқылы айтқан "ақша жинау" туралы мәлімдемесін жоққа шығаруға міндеттеген. Ал Бейсенбаевтың өзі бұл айыптарды жоққа шығарады. Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы жергілікті телеарнаға мектептегі "ақша жинаулар" туралы айтып, шағымданғаннан кейін қудаланып, жұмыстан шығып қалған.

Бақытжан Бейсенбаевтың соты туралы бұған дейін Азаттық жазған. Ол кезде шағым иесі мектеп директоры Азаттық сайтына түсініктеме беруден бас тартқан еді.

Бақытжан Бейсенбаев Сарыағаш ауданы Диханбаба ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте 17 жыл физика, математика пәнінен сабақ берген. 11 наурызда жоғарғы соттан оған ешкім шыққан жоқ.

Қазақстанда мұғалімдер мектепте заңсыз ақша жинайтынына жиі шағымданады. Ол жайлы тіс жарған мұғалімдер кейде қысымға ұшырап жатады. Былтыр қараша айында Шымкент қаласында "жөнсіз ақша жинаудан" шаршаған бірнеше мұғалім Facebook әлеуметтік желісінде шағымданып, пост жазған. Кейінірек мектеп директоры мен қарамағандағы қызметкер қызметінен босатылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG