"Отандастар қорының" вице-президенті Мағауия Сарбасов Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, бір айдан астам уақыттан бері акция өткізіп жүргендердің талаптарынан хабардар екенін айтты. Бірақ олардың мәселесін "саяси мәселе" деп атап, оған қордың араласа алмайтындығын жеткізді.
- Бұл саяси мәселе. Біз араласа алмаймыз, - деді ол 12 наурызда Азаттық тілшісіне.
Жұма күні Нұр-Сұлтанда "Отандастар қоры" жанындағы қоғамдық комиссияның отырысы өткен. Оралмандар мәселесі туралы айтып жүрген белсенді Ауыт Мұхибек жеке азамат ретінде наразылықтан хабары барын, оларға "жаны ашитынын, бір-екі рет тамақ та жіберіп" қолдау көрсеткенін айтты. Белсенді "бұл мәселемен Қазақстан СІМ айналысуы керек" дегенге келтірді.
"Отандастар қоры" шетел қазақтарын қаржылық, мәдени тұрғыда қолдауға бағытталған 2018 жылы құрылған мемлекеттен қаржыландырылатын ұйым. Бұған дейін "қор бастапқы мақсатынан ауытқыды, тек мерекелік шаралар ұйымдастырумен ғана шектелетін болды" деген сын да айтылған. Қор басшылығы бұл пікірмен келіспейді.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында бір айдан астам уақыттан бері бір топ адам Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, оларды елге қайтаруды талап етіп келеді. Осы уақыт аралығында консулдықтан оларға ешкім шыққан жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері "шараның заңсыз" екенін ескертіп, полиция бір-екеуін "митинг заңы" бойынша әкімшілік қамауға алған. Қазақстан СІМ Қытайда қамалған қазақтардың мәселесі "Қытайдың ішкі мәселесі" деумен келеді.
ПІКІРЛЕР