12 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер министрлігімен бірге "өте қауіпті трансұлттық қылмыстық топты" ұстау үшін "арнайы операция" ұйымдастырғанын хабарлады.
Комитет Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Семейде өткен операция кезінде 16 адамның ұсталғанын хабарлады. ҰҚК ұсталғандар арасында күштік құрылымдардың бұрынғы қызметкерлері де барын айтады.
Ұсталғандар адам ұрлады, адам өлтіруге тырысты, ШҚО-дағы кәсіпорындардың бірінен құрамында алтыны бар шикізатты ұрлап, шетелге контрабандалық жолмен сатты деп күдікке ілінген.
Алдын ала дерек бойынша, күдіктілер Семейден елу шақырым жердегі "Алел" қаржылық-инвестициялық компаниясының кен орнынан шикізат ұрлаған.
Осыған дейін желіде "қарулы күштердің жабық жиынында жазылуы мүмкін" аудио тараған. Онда "Алел" компаниясының жұмысшыларына қоқаң-лоқы жасалу фактісі болғаны" айтылады.
"Бүгін түнде құрамында алтын бар шикізатты алып кету кезінде қылмыстық топтық бірнеше мүшесі ұсталды. Астанадан 150 адам келген. Олар – жеке қауіпсіздікті басқару және "Бүркіт" арнайы бөлімшесінің қызметкерлері" деп айтылады аудиода.
Аудиода қылмыстық топқа қатысы бар Семей полициясының бірнеше қызметкері аталады.
ҰҚК баспасөз қызметі ірі көлемде ақша мен "құнды заттар" тәркіленгенін, тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. Комитет сайтында құйма және балқыту пешіне ұқсас құрылғының суреті жарияланды.
"Алел" компаниясы Суздаль кен орнында алтын өндіреді. Бұл Celtic Resources (Central Asia) Limited компаниясының бақылауында.
Ал Celtic Resources (Central Asia) Limited ресейлік миллиардер Алексей Мордашовқа тиесілі NordCold компаниясына бағынышты.
ПІКІРЛЕР