13 наурызда атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Қасым Қожантаевты қалалық полиция қызметкерлері ұстап, қайта босатты. Белсенді Ринат Рафхат Әкімшілік кодекстің 488-бабын бұзғаны үшін ("бейбіт жиындар өткізу тәртібін бұзу") Қожантаевқа қатысты хаттама толтырғалы жатқанын жазған.
Макс Боқаев пен Қасым Қожантаев белсенді Әлібек Мұсаұлын қудалауды тоқтатуды талап етіп, Атырау қалалық полиция басқармасы ғимаратының алдында пикет өткізіп жатқанда ұсталған. Әлеуметтік желіде тараған видеода бір топ полиция қызметкерінің екі белсендіні ғимарат ішіне алып бара жатқаны байқалады. Қолына плакат ұстаған олар "Әлібекке бостандық!" деп айқайлайды.
Бұл оқиға бойынша Атырау полициясынан комментарий алу мүмкін болмады.
Белсенді Талғат Аянның Азаттыққа айтуынша, Әлібек Мұсаұлы 12 наурызда қамауға алынып, оған "бейбіт жиындар өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деген айып тағылған. Бүгін осы іс бойынша сот өтуі тиіс.
Әлібек Мұсаұлы – жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы 2016 жылғы сәуірдегі митинг кезінде көзге түскен азаматтық белсенді. Митингілерден кейін Боқаев "араздық қоздырды", "көрінеу жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атаған Макс Боқаев кінәсін мойындаудан бас тартып, кесілген жаза мерзімін толық өтеп, биыл ақпанда түрмеден босап шықты. Сот оған әлі де көп шектеу қойып отыр.
ПІКІРЛЕР