Сәрсенбі күні мәжіліс шетелдіктерге жерді жалға беруге және сатуға тыйым салатын заң жобасын қарай бастады. Құжат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" деп аталады.
"Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, сонымен бірге халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен ие болуына тыйым салуды енгізу" деді мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев.
Ол заң жобасының "президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен" енгізілгенін де айтып өтті.
Бұған дейін Тоқаев Twitter-дегі парақшасында аталған заң жобасын мәжіліске жолдағанын, "парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайды" деп жазған еді.
Ақпан айының соңында ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерді сатуға және жалға беруге заң түрінде тыйым салуды тапсырған. Ол бір ай ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, 25 наурызда жұмысқа кірісуі тиіс деген.
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасы халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды.
ПІКІРЛЕР