Accessibility links

"Өкілетін асыра пайдаланған". Қызылордалық тұрғын қазасынан соң төрт полицей сотталды


"Өлтірді, мама!" Полициямен арпалыста көз жұмған адамның хикаясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:20:21 0:00

"Өлтірді, мама!" Полициямен арпалыста көз жұмған адамның хикаясы

15 наурызда Қызылорда қаласының № 2 соты 2019 жылы жазда полициямен арпалыс кезінде қайтыс болған тұрғын Бауыржан Әжібаев ісі бойынша үкім шығарды. Судья Жанар Жәркеева төрт полицейді де Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлімі 1-тармағы, яғни "билiктi не лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" бабымен кінәлі деп тапқан. Мұны Әжібаевтың туыстары мен жәбірленушінің адвокат хабарлады. Қалалық сот Азаттыққа ақпаратты растады.

Күдікті полицейлер Асқарбек Кеңесұлы мен Рамат Қанатчаев — 9 жылға, Еркебұлан Асан — 7, Аслан Құрманияз 6 жылға түрмеге кесілген. Судья Кеңесұлы мен Қанатчаевты Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша, яғни "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабымен де кінәлі деп тапқан.

— Сот оларды ақтап шығады деп ойладым. Мұндай үкімді күтпедім. Маған полицейлердің жазаланғаны маңызды болды. Басқа полицейлер осы істі көріп, адамдарға бұлай етуге болмайтынын, бұл үшін жауапқа тартылатынын ұғуы керек, — дейді жәбірленуші, марқұмның әпкесі Әлия Әжібаева.

Үкім әлі күшіне енген жоқ. Сот процесі тура бір жыл бұрын, 2020 жылдың наурызында басталған. Жәбірленушінің адвокаты Оңғар Әбубәкіров "істің ұзақ қаралғанын" айтады.

2019 жылы шілдеде түнде жеңіл көлік жүргізіп келе жатқан 43 жастағы Әжібаевты үйінің маңында жол-патрульдік полициясы тоқтатқан. Жүргізушінің "жол ережесін бұзғанын" айтқан полициядан Әжібаев оны дәлелдейтін видеоны көрсетуді талап еткен. Мұнан соң полицейлер Әжібаевты "алкогольді ішімдік ішкен" деген күдікпен наркологиялық диспансерге тексеруге апармақ болады, жүргізуші көнбейді. Өзін күштеп әкетпекші болған төрт полицеймен алыс-жұлыс кезінде ес-түссіз жатып қалған Бауыржан Әжібаев жедел жәрдем келіп жеткенше көз жұмады.

Азаттық былтыр қарашада осы оқиғаның видеосын жариялап, істің жай-жапсарын көрсеткен.

Туыстары марқұмның ажалына полицейлердің оны "қылқындырып, ұрып-соққаны себеп болды" деп санайды. Әжібаевтың көршілері полицейлердің көлік жүргізушіге күш қолданғанын көргенін айтады. Полицейлер "заң аясында мас жүргізушіні рөлден алыстатуға тырысқанын" айтып, кінәсін мойындамайды.

Бауыржан Әжібаев қаза болған соң денесіне үш рет — 2019 жылы 26 шілде, 26 тамыз және 19 желтоқсанда сот-медициналық сараптама жүргізілген. Үш сараптама да жүргізуші қанынан алкоголь тапқан. Марқұмның қанынан 1,35 промилль этил спирті анықталып, сарапшылар оны масаңдықтың жеңіл дәрежесіне жатқызған. Бұдан бөлек Әжібаевтың денесіне үш рет жасалған сот-медициналық сараптама жарақат іздерін тапқан: маңдайы, беті, мұрны мен шынтағы сырылған, кеуде тұсында көгерген іздер бар. Астанада жүргізілген үшінші сарапатаманың қорытындысы бойынша, Әжібаевтың қазасына көкірегі мен ішіне түскен салмақ, денсаулығына келтірілген ауыр зардап тікелей әсер еткен.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 2016-2020 жылдары үш азамат полиция қызметкерлерінен жапа шегіп, көз жұмған. Бұл үш оқиға бойынша өкілетін асыра пайдалану бабымен үш полиция қызметкері жауапқа тартылып, екеуі сотталған. Кейінгі бес жылда 186 полицей өкілетін асыра пайдаланғаны үшін жазаланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG