Accessibility links

Жер комиссиясының жұмысы 25 наурызда басталады


"Жер сатылмасын және жалға берілмесін" деп ұран көтерген тұрғындар митингісі. 2020 жыл.
"Жер сатылмасын және жалға берілмесін" деп ұран көтерген тұрғындар митингісі. 2020 жыл.

Қазақстанда 25 наурызда жер комиссиясы жұмысын бастайды. Оның алғашқы отырысында жер кадастры және Қазақстан азаматтығын алу үшін қойылатын талаптарды күшейту мәселесі де қаралады. Бейсенбі күні мәжілісте жұмыс тобы шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын талқылай бастаған. Құжат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" деп аталады.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан шетелдіктерге жер беруге тыйым салу үшін ең әуелі жер кадастры мәселесін шешіп алу қажеттігін алға тартқан. Тек сонда ғана жердің нақты кім иеленгені және заңнаманың сақталуын қадағалауға болады деген.

"Мемлекет меншігіндегі жерді кімнің жалға алғаны жайлы ақпарат ашық болуы керек. Мұнда "Жеке деректер туралы" заң бұзылмайды, себебі ауыл шаруашылық жерлерінің 99 пайызынан астамы – мемлекет меншігінде. Жалға алушылар немесе заңды тұлғалардың аты-жөндерін ашық етуге болады" деді Тайжан.

Ол сонымен бірге талқылау кезінде Қазақстан азаматтығын алу талаптарын күшейту қажеттігін айтқан.

"Әлем тәжірибесіне сүйенсек, белгілі бір елдің азаматтығын алу үшін адамдар сол елде біраз уақыт – кемінде 5 жыл тұрып, мемлекеттік тілден, тарихтан емтихан тапсырады. Яғни, олар сол елге адал екенін дәлелдеуі тиіс" деді қоғам белсендісі.

Ауыл шаруашылық вице-министрі Рүстем Құрманов жер кадастры мәселесі алғаш рет көтеріліп отырмағанын, қазір әділет министрлігінен "Жеке дерек туралы" заң нормаларына түсініктеме беруін күтіп отырғанын айтқан.

"Бұл мәселе [кадастр] жер комиссиясында қаралады. Бізде 25 наурызда президенттің тапсырмасымен жер комиссиясы жұмысын бастайды. Сол жерде қазақстандықтарға қатысты мәселелер қаралады. Себебі мемлекет басшысы шетелдіктер бойынша түпкілікті саяси шешім қабылдап қойған" деді Құрманов. Ол азаматтық алу мәселесін де жер комиссиясының отырысында талқылауды ұсынған.

17 наурызда шетелдіктерге жерді жалға беруге және сатуға тыйым салатын заң жобасын мәжіліс қарай бастаған. Жоба авторларының айтуынша, құжаттың мақсаты "шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, сонымен бірге халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығына ие болуына тыйым салу".

Ақпан айының соңында ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерді сатуға және жалға беруге заң түрінде тыйым салуды тапсырған. Ол бір ай ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, 25 наурызда жұмысқа кірісуі тиіс деген.

Жер сатпау және жалға беруге тыйым салу туралы талап митингілер мен наразылықтарда жиі көтеріледі.

2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасы халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.

Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG