Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу мен Пекин доллармен және "Батыстың бақылауындағы" төлем жүйелерімен есеп айырысудан бас тарту керек деп санайды. Оның пайымдауынша, Ресей мен Қытай осы арқылы санкцияның салдарын азайта алады. Бұл туралы ол қытайлық басылымдарға берген сұхбатта айтты. Лавровтың сөзі Ресей СІМ ресми сайтында жарияланды.
Ресей сыртқы істер министрінің ойынша, АҚШ-тың мақсаты – "Ресей мен Қытайдың техникалық дамуына кедергі келтіру". Лавров Батыстың, соның ішінде Вашингтонның басты құралы – санкция деп санайды.
"Олар классикалық дипломатияны қолдануды үйреніп алды" деген Лавров АҚШ "саяси-дипломатиялық келіссөздерді "ультиматум", "талабын орындату" жүйесімен жүргізеді деп санайды. Оның ойынша, "бұл – дипломатия емес".
Наурыздың басында АҚШ президенті Джо Байден Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресейге алғашқа санкцияны салған. Қара тізімге орган өкілдері, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко, ФСБ басшысы Александр Бортников кірген. Бұған қоса, АҚШ Ресейдің әскери мақсатта қолданылатын тауарларды елге кіргізуге тыйым салды.
Ресей жаңа санкцияларды "Ресейге қарсы шабуыл" деп сипаттады. 18 наурызда Ақ үй алда Ресейге тағы шектеулер болатынын мәлімдеді.
Ресей билігі 2018 жылы күзде АҚШ санкцияларын айналып өту үшін доллардан бас тарту жоспары барын айтқан. Бұл идеяны мемлекеттік ВТБ банк басшысы Андрей Костин жариялаған. Ол доллардың орнына еуро, рубль я юаньды ұсынған.
ПІКІРЛЕР