КІМДЕРГЕ ҚАНДАЙ САНКЦИЯ САЛЫНДЫ?
ВВС сайтының жазуынша, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Доминик Рааб Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырлар мен мұсылмандарға жасап жатқан қысымын "адамның негізгі құқығын өрескел бұзу", "адам құқығы бойынша қазіргі уақыттағы ең үлкен дағдарыстың бірі" деп атады.
ЕО Қытайдың төрт шенеунігі мен бір мемлекеттік мекемесін "қара тізімге" қосты. Осыдан соң Пекин де Еуропаның он шенеунігіне санкция салды. Рааб Ұлыбритания, АҚШ және Канаданың санкциясы бірден іске қосылатынын мәлімдеді.
Батыс санкциясына сай, Қытайдың төрт шенеунігі ЕО, АҚШ, Канада және Ұлыбританияға кіре алмайды, олардың активтері де бұғатталды.
Санкцияға Қытайдың мына шенеуніктері мен мекемесі ілінді:
- Чэнь Минго – Шыңжаңдағы жергілікті полиция бөлімшесінің директоры
- Ван Миншань – Коммунистік партияның Шыңжаңдағы комитетінің тұрақты мүшесі. ЕО "Миншань ұйғырларды қамау науқанында негізгі рөл атқарып отыр" деп санайды.
- Ван Цзюньчжэн – билікке бағынышты экономикалық әрі әскери мекеме – Шыңжаңның шаруашылық және құрылыс корпусының хатшысы.
- Чжу Хайлунь – Коммунистік партияның Шыңжаңдағы бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары. ЕО ол "лагерьлер жұмысын бақылаған" деп санайды.
- Шыңжаңның шаруашылық және құрылыс корпусының қоғамдық қауіпсіздік бюросы. Батыс елдері "бұл мекеме корпустың қауіпсіздік және түрмедегі, лагерьдегі саясатын жүзеге асырады" дейді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдемесінде "одақтастарымызбен Қытайдың қылмысын тоқтату үшін, қысым көргендерге әділеттілік үшін әрекетін жалғастыра береміз" деді. Блинкин Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін "адамзатқа қарсы геноцид әрі қылмыс" деп санайды.
Еуропа одағына мүше 27 елдің барлығы санкциямен келісті. Бірақ Венгрия Пекинге салынған шектеуді "зиян" әрі "негізсіз" деп атады.
Венгрия Еуропа одағының Қытай мен Ресейге қатысты әрекеттерімен жиі келісе бермейді. Бұл ел Қытаймен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынаста.
ЕО араға отыз жыл салып Қытайға алғаш рет шектеу енгізіп отыр. Еуропа 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңындағы көтерілістен кейін Қытайдың әскери тауарларына санкция салған.
ҚЫТАЙ НЕ ДЕЙДІ?
Қытай сыртқы істер министрлігі Батыс елдері санкция салған соң бірден мәлімдеме жасап, Еуропа одағын "қатесін түзеуге шақырды". Пекин Батыс елдері "Қытайдың ішкі ісіне араласпауы тиіс" деп санайды.
Қытай ЕО санкциясына жауап ретінде еуропалық он адамға санкция салды. Олардың арасында Еуропарламенттің Қытай бойынша альянсының жетекшілерінің бірі германиялық Рейнхард Буетикофер, Шыңжаңдағы қысымды зерттеп жүрген ғалым Адриан Зенц және төрт мекеме бар. Пекин бұл төрт мекеме "Қытайдың тәуелсіздігі мен мүдделеріне қауіп төндіреді" деп санайды.
Франция сыртқы істер министрлігі Пекиннің бұл санкциясын сынап, Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шаяны шақырмақ. Париж Қытай елшісіне "дипломатиялық қарым-қатынас бойынша Вена конвенциясын еске салып қоятынын"мәлімдеді.
БАТЫС ҚЫТАЙДЫ НЕ ҮШІН АЙЫПТАП ЖАТЫР?
БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп санайды.
Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атайды.
Шыңжаң өлкесі Тибет сияқты автономиялық аймақ саналады. Әдетте Қытайда автономиялық аймақтарда өзін-өзі басқаруға біраз құқық бар. Бірақ Пекин Шыңжаң мен Тибетке мұндай құқықты бермей, тікелей өзі басқарып отыр.
Батыс зерттеушілері "Қытай Шыңжаңда әйелдерді стерилизация жасап, балаларды ата-анасынан ажыратты, мұсылмандарды еш айыпсыз лагерьге қамағанын анықтадық" деген.
Пекин бұл айыптың барлығын жоққа шығарады. Осыған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті мен Канада парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деген.
ПІКІРЛЕР