Ресейдің түрмеде жатқан оппозициялық саясаткері Алексей Навальныйдың жақтастары оны босатуды талап етіп жаңа митинг ұйымдастыратынын хабарлады. Бұл туралы ақпарат саясаткердің сайтында жарияланды. Оның жақтастары наразылық митингісіне қатысуға кемінде 500 мың адам ниет білдірсе ғана жиынның қайда, қашан өтетінін жарияламақ.
Митингіге барғысы келетіндерді тіркеу үшін жаңа сайт ашылған, дегенмен акция туралы хабар шыға салысымен Ресей аумағында ол сайт ашылмай қалды. Навальный жақтастары Ресей тарихындағы ең ауқымды наразылық өткіземіз деп сенеді. Олардың айтуынша, митинг – Навальныйды түрмеден шығартқызуға бағытталған шаралардың бірі ғана.
2 ақпанда Мәскеудің Симонов аудандық соты "Жемқорлықпен күрес қорының" жетекшісі Алексей Навальныйды 2013 жылғы іс бойынша колонияға жіберу туралы шешім шығарған. Саясаткер екі жарым жылдай түрмеде отыруы тиіс. Ол Мәскеуден 110 километр жердегі Покров қаласында орналасқан ИК-2 мекемесінде жазасын өтеп жатыр.
АҚШ, Еуроодақ елдері және Ресей оппозициясының жақтастары Навальныйды босатуды талап етумен келеді. Қыста Ресейдің түкпір-түкпірінде Навальный жақтастарының жаппай митингілері өтті, оған ондаған мың адам қатысты. Сол жиындарда полиция мыңдаған адамды ұстады.
Наразылық шараларынан соң санитарлық ережелерді бұзды деген себеппен саясаткер айналасындағылардың үстінен іс қозғалды. Тергеушілердің айтуынша, бұл шаралар Ресейде коронавирус инфекциясының жылдам таралуына алып келуі мүмкін. Навальный жақтастарының бір бөлігі үйқамақта отырса, енді бір бөлігі шетелге кеткен.
ПІКІРЛЕР