Accessibility links

Ақтөбеде ереуілге шыққан мұнайшылар талабы орындалды. Олар өздері қалаған кәсіподақ ұйымын құрды


Көкжидедегі мұнайшылар талабы ереуілге шыққан соң орындалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Көкжидедегі мұнайшылар талабы ереуілге шыққан соң орындалды

Ақтөбе облысы Көкжиде кенішіндегі "КМК-Мұнай" компаниясының мұнайшылары ереуілден кейін, 26 наурызда жаңа кәсіподақ ұйымын құрып, оған өз араларынан Ержан Еламановты лидер етіп сайлады. 36 жастағы Ержан Еламанов "КМК-Мұнай" компаниясында алты жылдан бері мұнай өндіруші оператор болып жұмыс істейді.

"Жұмыс беруші алдында біздің құқығымызды қорғайтын жаңа ұйым құрылды. Сондықтан ереуілді аяқтап, 26 наурызда түстен кейін өндіріске оралдық" деді Азаттыққа "КМК-Мұнай" жұмысшыларының бірі.

Ашық дауыс беру әдісімен кәсіподақ төрағалығына сайланған Ержан Еламанов "Кандидатурамды жиналысқа қатысқан 129 адамның бәрі қолдады. Сенімдерін ақтауға тырысамын. Алдымен ұжымдық келісімшарт жасап, ұйымның жарғысын өзгертпек ойымыз бар" дейді.

Мұнайшылардың айтуынша, "КМК-Мұнай" компаниясында жаңа кәсіподақ ұйымы 25 наурыз күні құрылуы керек болған. Бірақ төраға жабық дауыс беру әдісімен сайланатынына жұмысшылар наразы болып, сол күні ереуілге шыққан.

Ереуіл басталған күні мұнайшылар Азаттыққа "Жұмысшылар бір жақ, жұмыс берушіні қолдаушылар бір жақ болып екіге бөліндік. Әділ сайлау болмасы айдан анық еді. Өйткені кәсіподаққа төраға сайланатын күні жұмыс беруші кенішке Ақтөбедегі кеңседен 50 адам алып келген. Оған Көкжидедегі инженерлік құрам қосылып, жүзден астам адам болды. Біз сайлаудың ашық өтуін талап еттік. Бірақ салалық кәсіподақ өкілдері дауыс беру жабық түрде өткізіледі деп шешті. Әділ сайлаудың болмасын білгендіктен екінші ереуілді бастадық” деген болатын.

Жұма күнгі жиыннан "КМК-Мұнай" компаниясының инженерлік-техникалық және әкімшілік құрамы қалыс қалған.

- Жұмысшылар кәсіподағына қосылғысы келмеген "КМК-Мұнайдың" 168 қызметкері өз алдына бөлек ұйым құрмақшы. Заңда оған тыйым салынбаған. Егер тағы бір ұйым құрылар болса, "КМК-Мұнай" Ақтөбенің тарихындағы бір емес, екі кәсіподағы бар алғашқы ұжымға айналады, - дейді Қазақстан мұнайшылары салалық кәсіподағының Ақтөбедегі өкілі Жанжарық Күзембаев.

Мұнайшылардың айтуынша, ереуілшілермен келіссөз жүргізу үшін жұма күні Көкжидеге Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымының басшысы Алтынбек Әмірғалиев пен Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев келген. Жұмысшылар Азаттыққа жолдаған видеодан ереуілшілер ортасында Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының басшысы Әбдуахат Мырзалиннің де жүргенін байқауға болады.

"Ереуіл - ең ақырғы шара. Заң ереуілге тыйым салмайды. Бірақ оған дейінгі процедуралар бар. Егер сот ереуілді заңсыз деп танитын болса, оның зардаптары ауыр. Жұмыс берушінің ереуілшілерді жұмыстан шығарып жіберуіне де болады. Сондықтан енді жұмысты тоқтату деген болмайды деп сенемін. Кәсіподақтарыңыз бар, өзара келісім комиссиясы деген бар, еңбек арбитражы бар, мәселе сонымен шешілуі керек" деген Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының басшысы Әбдуахат Мырзалин.

"КМК Мұнай" жұмысшылары жалақыны 100 пайызға өсіріп, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, 25 қаңтарда да ереуілдеткен еді. Компания басшылығы ереуіл басталған күні жұмысшылардың еңбекақысын 20 пайызға өсіруді ұсынған, бірақ мұнайшылар оған келіспеген.

Мұнайшылар қаңтардағы ереуілде "КМК Мұнай" басшыларына төрт талап қойған. Соның ең бастысы – жалақыны 100 пайыз көбейту. Бұған қоса олар жатақхананы жөндеп, аз мәзірін жақсартуды, ереуілшілерге қысым жасамауды, кәсіподақты қайта сайлауды талап еткен.

Ереуілшілер бұрынғы кәсіподақ басшысын "жұмыс берушінің қолбаласы" деп атап, кәсіподақ лидерін өз орталарынан сайламақ болған. Жеті күнге созылған бұл ереуілден соң мұнайшылардың жалақы талабы орындалған. Қаңтардағы ереуілден соң, араға екі ай салып, мұнайшылардың төртінші талабы да орындалып отыр.

2004 жылы құрылған "КМК Мұнай" компаниясы Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай және Мортық кеніштерін игеріп жатыр. 200-ден астам адам еңбек ететін бұл компанияға Панамада тіркелген Yukon Energy Holding S.A. компаниясы мен Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы тең иелік етеді.

Көкжиде кеніші Ақтөбе облысының Темір және Мұғалжар аудандарының шетінде, Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаштан 90 километр, облыс орталығы – Ақтөбеден 230 километр қашықтықта орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG