Accessibility links

Ақтөбеде "полиция ұстап әкеткен" белсенді ауруханаға жатқаны хабарланды


Полиция белсенді Роман Рейхертті облыс әкімдігі жанынан ұстап әкетіп барады. 26 қазан 2019 жыл, Ақтөбе қаласы
Полиция белсенді Роман Рейхертті облыс әкімдігі жанынан ұстап әкетіп барады. 26 қазан 2019 жыл, Ақтөбе қаласы

Ақтөбеде белсенді Роман Рейхерт өзін ұстап әкетпек болған полицейлермен жұлқысқан соң басынан жарақаттанып, қазір ауруханада жатыр. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әйелі Регина Белалова айтты.

- Бүгін [26 наурызда] Романмен сөйлескенімде "басым әлі де қатты ауырады" деді. Ол үш күннен бері Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында емделіп жатыр. Миы шайқалған, денесінде соққының, білегінде кісеннің ізі бар, - дейді әйелі.

Белалованың сөзінше, күйеуі 22 наурызда үш жарым жасар ұлын ертіп, дүкенге шыққанда Мәртөк аудандық полиция бөлімінің он шақты қызметкері жабылып, мемлекеттік нөмірі жоқ жеке көлікке салып әкетпек болған.

- 22 наурызда үйімізге полицейлер маған бөлімшеге шақырту әкеліпті. Қақпаны Рома ашқан болатын. Сол кезде полицейлердің бірі "эй, терпила (түрмелерде жиі айтылатын жаргон – ред.), біз әйеліңе шақырту алып келдік" деген. Күйеуім әлгілердің сөзіне ашуланып, шақыртуды алмай, үйге кіргізбей жіберген. Сол күні түсте ұлымызды ертіп, дүкенге шығып кеткен болатын. Келмей қойды. Сағат төртке таман полициядан хабарласып, ұлыңызды алып кетіңіз деді. Роман олармен жұлқыса жүріп, басынан бірнеше рет соққы алған. Уақытша изоляторға қамалған соң полицейлердің соққысынан басы ауырып, жүрегі айныған. Денсаулығы нашарлап кеткендіктен 23 наурыз күні полиция Романды босатуға мәжбүр болады. Сол күні ол ауруханаға түсіп қалды, - дейді ол.

Белалова полиция күйеуін ұстап әкеткен соң оның үстінен "ұсақ бұзақылық жасады", "билік өкіліне тіл тигізді" деп іс те қозғағанын айтады.

Белсендінің әйелінің сөзінше, 26 наурызда Роман Рейхерттің Мәртөк ауылындағы үйін күмәнді адамдар торуылдап жүрген.

Мәртөк ауданының бас дәрігері Нұрсейіт Кішкентаевтың сөзінше, 22 наурыз күні полицейлер Роман Рейхертті алкотестерден өткізу үшін аудандық ауруханаға алып келген. Бас дәрігер "Рейхертке қатысты басқа ақпарат бере алмаймын" деді.

Азаттық белсенді Роман Рейхерттің денсаулығы туралы ақпаратты Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасынан да, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасынан да ала алмады.

Азаматтық белсенді Роман Рейхерт 23 наурыздан бері Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Ұялы телефоны өшірулі.

Ақтөбе облысындағы Мәртөк ауылында тұратын 33 жастағы Роман төрт баланың әкесі, қарапайым жұмысшы. Мәртөк ауылынан Ақтөбедегі хром қосындылары зауытына қатынап жұмыс істейді.

Ол былтыр 13 маусымда "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп айыпталып, бір жылға пробациялық бақылауға алынған. Әйелі Романның жазалануын, көшеде соққыға жығылуын оның азаматтық позициясымен байланыстырады.

- Роман қазақстандықтардың тұрмысы жақсарғанын қалайтын, сол үшін билікті сынап, өз ойын ашық айтып жүрген адам. Сол үшін көрмеген құқайы жоқ, - дейді әйелі.

Азаттық Роман Рейхерттің "соққыға жығылуына" байланысты Мәртөк аудандық полиция бөліміне хабарласқан. Мәртөк полициясы басшының орынбасары Егор Саквин "Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласыңыздар" деп жауап берді. Полицияның баспасөз қызметі "Рейхерт туралы ақпаратты ішкі істер министрлігінің бекітуін күтіп отырмыз" деген болатын. Кейін мүлдем жауап бермей қойды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG