Сенбі, 27 наурыз күні Алматыда митинг өтеді деген Шоқан Уәлиханов алаңын полиция жиын басталмай тұрып жан-жақтан қоршап, адамдарды өткізбеді. Алаңға жақын көшелер де жабылды. Аумақта интернет өшірілді.
Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі жан-жақта көптеген автозак пен автобустың тұрғанын айтады. Кейбірі тұрғын үйлердің арасына қойылған. Кейбірінде балаклава киген жігіттердің толып отырғаны көрінеді дейді тілші.
Тіркелмеген "Қазақстан демокртиялық партиясы" өкілдері митинг өткізетінін әкімдікке ескерткенмен партия жақтастарының өздері алаңға әрең өтіп жатты. Бастамашыл топ өкілдері Инга Иманбай мен Абзал Достияров Азаттыққа алаңға адамдарды кіргізу үшін араша түсуге мәжбүр болып жатқанын айтты.
"Полиция митинг өткізуге кедергі келтіріп жатыр. Бұл Назарбаев режимінің өз халқынан қорқатынын көрсетеді" деп айқайлады.
Айналада интернет байланысын бұғаттайтын екі көлік көрінді. Адамдар аумақта интернет байланысының нашарлағанына шағымданды. Сәлден соң интернет мүлдем өшіп қалды.
- Митингіге қуғындағы бизнесмен, "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов пен қоғам белсендісі Жанболат Мамай бастаған "Қазақстан демокартиялық партиясы" Қазақстанның бірнеше қаласында митингіге шақырған.
- Бір-бірін сынайтын бұл екі ұйым да Қазақстанда ресми тіркеуден өтпеген. Әблязов бастаған ұйымды Қазақстан соты экстремистік ұйым деп шешім шығарған, бірақ Еуропарламент оны"бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
- Жанболат Мамайдың бастамашыл тобы 2020 жылдың басында "Қазақстан демократиялық партиясының" құрылтай съезін шақырғанымен, биліктің түрлі кедергілеріне байланысты өткізе алмағанын мәлімдеген болатын.
ПІКІРЛЕР