Accessibility links

Ақтөбеде полиция базар маңынан бірнеше адамды әкетті, Азаттық тілшісін біреулер аңдыды


Базар маңында адамдарды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Мұхтар Әблязов жақтастарын осы маңға келуге шақырған еді. Ақтөбе, 27 наурыз 2021 жыл.
Базар маңында адамдарды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Мұхтар Әблязов жақтастарын осы маңға келуге шақырған еді. Ақтөбе, 27 наурыз 2021 жыл.

Ақтөбеде "митинг орны" ретінде белгіленген орталық базар маңында полиция сенбі күні 5-6 адамды күшпен ұстап, автозакқа отырғызып алып кетті. Олар талаптарын айтып та үлгермеді.

27 наурызда таңертеңнен бастап полиция "Әблязов шақырған митинг орны" маңын күзете бастаған. 100-200 метр сайын автобустар қойылды. Бірақ базар істеп тұрды.

Оқиғадан хабар таратпақ болған Азаттық тілшісін қарапайым киген бірнеше адам кезек-кезек аңдып (барлығы 6-8 адам жарты сағат сайын ауысып отырды), тілшінің соңынан ілесіп отырды. Олар ұстауларды түсірмек болған тілшінің алдына тұрып алып, кәсіби міндетін атқаруына кедергі жасады. "Сіздер кімсіздер? Не істеп жүрсіздер?" деген сұраққа жауап бермей, теріс қарап тұрып алды. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ардана Саймағамбетов "бұл біздің адамдар емес" деп мойындамағаннан кейін тілші "онда шара қолданыңыз, күмәнді адамдар аңдып жүр" деді. Тек осыдан кейін полиция оларды ұстауға тырысқандай кейіп танытты, бірақ артынша босата салды.

Сенбі күні Ақтөбеден бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте "митинг орындарында" ұстаулар болды. Тек Алматыда ғана 300-ге жуық адам қатысқан митинг өтті. Оған "Демпартия" жақтастарымен қатар ҚДТ-ны қолдаушылар да қатысты. Дәл осы тіркелмеген екі ұйым митингіге үндеген еді. Бірақ наразылық өткен аумақта интернет болмады. Ақпарат құралдары митингіден тікелей эфирде хабар тарата алмады.

Нұр-Сұлтанда Әблязов пен Мамай шақырған митинг өтпей қалды. Бірақ арнайы жасақ кем дегенде төрт адамды ұстады.
Олардың бәрі митингіге келгендерін айтқан. Кейбірі талаптарын айтып та үлгерді.

Видео: Нұр-Сұлтандағы наразылық (27 наурыз 2021 жыл).

27 наурыздағы митингіге Қазақстанда ресми тіркеуден өтпеген екі ұйым –"Қазақстанның демократиялық партиясының" ("Демпартия") жетекшісі Жанболат Мамай мен Қазақстан соты экстремистік деп танып, Еуроодақ бейбіт ұйым деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ)қозғалысының жетекшісі, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов шақырған. Жанболат Мамай митингіге Қытай "экспансиясына" жол бермеу және несиені кешіру талабымен шығатынын айтқан. Ал Әблязов Еуропарламент қарарындағы ескертулерді орындауды талап ететінін мәлімдеген.

Бірақ Әблязов қана Ақтөбедегі жақтастары үшін митинг орнын белгілеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG