Accessibility links

Ташкентке қытай-өзбек вакцинасының 1 миллион дозасы жеткізілді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

27 наурызда Қытай мен Өзбекстан бірлесіп шығарған коронавирусқа қарсы ZF-UZ-VAC2001 вакцинасының 1 миллион дозасы Ташкентке жеткізілді. Мұны Өзбекстанның санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және қоғамдық денсаулық қызметі хабарлады.

Осы мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл вакцина коронавирустың жаңа штамдарынан, соның ішінде "британ штамынан" қорғайды.

ZF-UZ-VAC2001 вакцинасын әзірлеуде коронавирустың сыртқы ақуызы биотехнологиялық әдіспен синтезделген, ағзаға салған соң адамның бойында осы ақуызға қарсы реакция болады.

Өзбекстан санитарлық қызметінің хабарламасында "Осы типтегі басқа екпелермен салыстырғанда бұл вакцинаның қауіпсіздік деңгейі өте жоғары" делінген.

Мекеменің хабарлауынша, ZF-UZ-VAC2001 вакцинасын зерттеудің үшінші кезеңі аясында Өзбекстанда 7 мың еріктіге осы екпе егілген, қазір барлығының жағдайы бақылауда.

"Желтоқсаннан бері жүріп жатқан зерттеу барысында екпе салдырған еріктілердің ешқайсынан ерекше жағымсыз әсер байқалмаған" деп хабарлады Өзбекстанның инновациялық даму министрлігі.

ZF-UZ-VAC2001 вакцинасын Қытай ғылым академиясының жанындағы микробиология институты мен Zhifei Longcom Biopharmaceutical компаниясы әзірленген. Сынақ жүргізуге қосқан үлесі үшін Өзбекстан да осы вакцинаның авторы деп танылған. ZF-UZ-VAC2001 – Өзбекстанда ресми тіркелген алғашқы вакцина.

Бұдан бұрын Өзбекстан санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және қоғамдық денсаулық қызметі басшысының орынбасары Нұрмат Атабеков Sevimli телеарнасына берген сұхбатында азаматтарға коронавирусқа қарсы AstraZeneca екпесін салу науқаны 1 сәуірде басталатынын айтқан.

Дегенмен кейін жергілікті ақпарат құралдары медицина қызметкерлері Наурыз мерекесінде демалғандықтан, вакциналау науқаны 5 сәуірге шегерілгенін хабарлады.

Өзбекстанда халыққа вакцина салу науқаны үлкен қалалар мен облыс орталықтарынан басталмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG