Accessibility links

БҚО-да карантин күшейді, бірақ оқушылар мектептен оқи береді


Мектеп қақпасында ілулі тұрған Covid-19 коронавирусынан қорғануға үндеген плакат. 2 наурыз 2021 жыл.
Мектеп қақпасында ілулі тұрған Covid-19 коронавирусынан қорғануға үндеген плакат. 2 наурыз 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері оқушыларды офлайн оқыту туралы екі апта бұрын шыққан шешімнің күшін жоятын жаңа қаулыға қол қойды. Жаңа қаулыға сәйкес, оқушылар бұрынғыша аралас форматта оқи береді. Орал мен ірі екі ауданда коронавирусқа байланысты карантин күшейді.

Төртінші тоқсанда оқушы саны 300-ден аспайтын мектептер ғана офлайн оқиды. Оқушы саны 300-ден асқан мектептер бұрынғыша аралас форматта оқи береді: 1-5 сынып оқушылары – 15 баладан құралған "кезекші сыныптарда", 6-8 сынып онлайн түрде білім алады. Жоғары сынып оқушылары оқитын пәндердің 70 пайызға жуығы мектепте өтеді. Қалғаны онлайн болады.

БҚО орталығы Орал қаласында және облыстағы ірі екі аудан – Бәйтерек мен Бөрлі ауданында коронавирусқа байланысты карантин күшейді. Мұнда жалпы білім беру мектептері мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде аралас оқыту жүйесі қалды.

Жоғары және орташа кәсіп беру мекемелерінің студенттері аралас оқу форматына көшеді.

Екі апта бұрын облыс басшылығы барлық оқушылар мен студенттерді офлайн оқуға көшіру туралы шешім қабылдаған. Жаңа қаулы бұл шешімнің күшін жояды.

Батыс Қазақстан облысы коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұр. Қазір облыста кез келген қоғамдық шара өткізуге тыйым салынған. Кинотеатрлар, театрлар, ойын-сауық алаңдары жабық. Демалыс күндері базар, сауда орталықтары, дәмхана, мейрамхана, спорт орталықтары, жаттығу залдарының жұмысы шектеледі.

Облыста індет басталғалы бері 14 952 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 240 адам қайтыс болған. Соңғы тәулікте облыста 76 науқас тіркелген.

Қазір республика бойынша Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары "қызыл аймақта" тұр. Алматы облысы, Ақтөбе, Қарағанды облыстары – "сары аймақта". Қалғаны "жасыл аймақта" тұр. Осы айдың ортасынан бастап науқастар көбейген. Соңғы бірнеше күнде елде шамамен 1500-ге жуық науқас тіркеліп жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG