Accessibility links

Ресей ғылым академиясы Сібір қалаларының ластанып кеткені туралы мәліметті жасырды


Ресей қалаларындағы экология акциясы.
Ресей қалаларындағы экология акциясы.

Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі аймақ экологиясының нашарлап кеткені туралы баяндаманы ашық ресурстан алып тастады деп хабарлады "Тайга.инфо" сайты. 25 наурызда Новосибирскіде өткен жиынға қатысушылар тікелей эфирде баяндалған ашық деректер мен мәліметтерге сүйеніп жасалған баяндаманы жарияламауды құп көрген. Ертесінде жазба Youtube-тен өшірілді.

"Бірінші кезеңде бұл жұмысты жабық жүргізер едім. Енді ойлаңыз, біз сайлау қарсаңында бомба сияқты осындай баяндаманы жариялап жібереміз. Сонда не болады? Біздің олай істеуге құқығымыз жоқ. Сол себепті жариялау туралы ұсынысты мұқият қарау керек. Артық сұрақтармен халықты үрейлендірудің қажеті жоқ" деді академик Алексей Конторович жиын кезінде.

"Дабыл қағудың қажеті жоқ. Росгидрометтің құралдары дұрыс өлшемейді. Олардың нәтижелері дұрыс болмауы мүмкін" деді Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің жетекшісі Валентин Пармон.

Академияға қарасты атмосфера оптикасы институтының директоры Игорь Пташниктің айтуынша, Ресейде ауасы өте лас 20 қаланың 78 пайызы Сібір аймағында орналасқан. Сібірдегі 23 қалада ауаның ластану индексі жоғары. Таймыр автономиялық округының халқы тұтас-дерлік лас ауамен тұншығып жатыр.

Баяндама авторының айтуынша, Сібірде ауасы лас 15 қаланың 14-інде бензапирен – негізгі ластаушы химикат ретінде танылған. Өзге қалаларда бензапиреннің концентрациясы қалыпты мөлшерден ондаған есе жоғары. Мысалы, Қызылда бұл – 116 есе, Абаканда 88,2 есе көп. Бұл тұрғыда Норильск бәрінен алда тұр. Одан кейін Новокузнецк, Красноярск қалалары тұр.

Сібірде топырақ құрамында қорғасын, мырыш, никель, мыс сияқты ауыр металдар көп қалалар қатарына Свирск пен Норильск кіреді. Новокузнецкіде топырақ құрамында нитрат пен фторид өте көп. Онда химикаттар қалыпты мөлшерден ондаған есе жоғары. Баяндама авторы "жылдар бойғы динамика алаңдатады" деп тұжырымдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG