Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина 31 наурызда Facebook-тегі парақшасында зейнеткер Нұрлан Бұланбаевтың айыппұлын төлеу үшін ақша жинау акциясы басталғанын хабарлады. Мәселеге бейжай қарамайтын азаматтарға қайырылған құқық қорғаушы жазбада ақша жолдайтын карта нөмірін де көрсеткен.
Өткен айдың соңында Алматының әкімшілік соты Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп тұрғандарды қолдаған Шаңырақ ықшам ауданының 69 жастағы тұрғынына 87 510 теңге (шамамен 205 доллар) айыппұл салған.
Іс материалдарына қарағанда Бұланбаев 23 ақпанда Байтасов көшесіндегі консулдық ғимаратының маңында Қытайдың Шыңжаңдағы байырғы этнос өкілдеріне жүргізген саясатын сынап, Қытайдағы туыстарынан хабар үзілгенін айтқан. Сот қаулысында ер адамның акция өткізу үшін жергілікті атқару органынан рұқсат сұрамағаны жазылған. Сот оны "рұқсат етілмеген акцияға қатысқаны үшін" кінәлі деп тапқан.
Бұланбаев өзіне тағылған айыптарды терістеген және заң бұзбағанын айтқан. Айыппұл сот шешімі күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде төленуі тиіс.
Ақпан айында Қытай консулдығы алдына шыққандарды қолдаған белсенділер Байболат Күнболатұлы мен Марат Құрбанов осыған ұқсас айып бойынша 10 және 12 күнге қамалған. Консулдық алдындағы акцияны түсірген тағы бір белсенді Серік Әжібайға да 488-бап бойынша айыппұл төлеу немесе қамау жазасы қаупі төніп тұр. Ол Азаттыққа жақын арада істің сотқа жіберілетінін айтқан.
Алматыда Қытай консулдығы алдындағы наразылықтың жалғасып жатқанына жеті аптадан асты. Оған қатысушылар Шыңжаңда қалған туыстарын босатып, Қазақстандағы отбасымен біріктіруді талап етіп келеді.
Соңғы екі аптада наразылар акцияны консулдықтан шамамен 50 метр жерде өткізуге мәжбүр болған Наурыз айының ортасынан бастап полиция оларды консулдық ғимаратына жібермей келеді.
- БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
-
Шыңжаңдағы жағдай әлем державалары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының алаңдаушылығын туғызды. АҚШ, Канада, Нидерланды Қытайдың Шыңжаңда ұйғырларға геноцид жасап отырғанын айтқан. Қытай тағылған айыптармен келіспейді және батысты "елдің ішкі ісіне араласты" деп айыптаған.
-
Құқық қорғаушылар Қазақстанда "пікір айту еркіндігі" шектелетінін, "бейбіт жиналу құқығы" жиі бұзылатынын айтады. Былтыр мамырда қабылданған бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, азаматтар жергілікті билікке митинг өткізетінін алдын ала ескертуі тиіс. Бұл заңды билік өкілдері "ірі демократиялық қадам" деп мақтаған. Ал жергілікті және халықаралық сарапшылар заң бейбіт жиын өткізу тәртібін жеңілдетпеді, ескі шектеулер бұрынғыша сақталып қалды деп санайды.
ПІКІРЛЕР