Accessibility links

Ауған татарлары. Кабул елді ғасырлар бойы мекен еткен түркі тілдес халықты енді мойындады


Ауғанстан татарлары мәдени қорының басшысы Забиулла Татар.
Ауғанстан татарлары мәдени қорының басшысы Забиулла Татар.

Татар халқының бір бөлігі қазіргі Ауғанстан жерінде ғасырлар бойы өмір сүрді. Алайда олар мемлекеттегі ондаған этникалық және тілдік топ арасында мойындалмай келді.

Бұл жағдай осы айда өзгерді – Ауғанстан ұлттық статистика басқармасы татарларды жеке этникалық топ ретінде тіркеді. Бұл маңызды қадам татарларға жаңа биометриялық жеке куәлікте өз этникалық тобын көрсетуге мүмкіндік береді.

Түркі тілдеc халыққа жататын татарлар бұл өзгеріс оларға Ауғанстан Конституциясы бойынша ресми мойындалуға және ауған қауымындағы көптеген мүшелері ұмытып қалған туған тілін жандандыруға көмектеседі деп үміттенеді.

Татарлар Ауғанстанда шамамен 800 жыл бұрын тамыр жайған. Олар мұнда аймақты Шыңғыс хан жаулап алғаннан кейін келген.

Татарлар Алтын Орда хандығына қосылған көшпенділердің ұрпағы саналады. Хандықты Моңғол империясының бастауында тұрған Шыңғыс ханның немересі Бату хан құрған.

Татарлардың көбі Ресей құрамындағы Татарстан Республикасында тұрады. Қалғаны Қытайды, Орталық Азияны, Шығыс Еуропаны және Ресейдің өзге аймақтарын мекен етеді.

ЖЕКЕ ЭТНИКАЛЫҚ ТОП

Ауғанстан Конституциясы ресми түрде 14 этникалық топты мойындайды. Олардың қатарында пуштундар, тәжіктер, хазарлар, өзбектер, түркімендер, белудждер, пашайлар, нұристандар, аймактар, қырғыздар, қызылбаштар, гуджарлар және брагулар бар.

Бірақ негізінен сүннит мұсылман татарлар еш жерде аталмайды. Ал Ауғанстан халқының 85 пайызы – сүнниттер.

Ауғанстан татарлары мәдени қорының Кабулдағы жиыны.
Ауғанстан татарлары мәдени қорының Кабулдағы жиыны.

Кабулдағы Ауғанстан татарлары мәдени қорының басшысы Забиулла Татар Ауғанстандағы татарлардың ғасырлар бойы ұмыт қалуының түрлі себебі барын айтты.

"Біз, ауған татарлары, география және экология әсерінен тілімізді ұмыттық" дей келе ол татарлар өздері тұратын жердегі тілдерде сөйлейтінін айтты.

Ондай тілдерге мемлекеттегі негізгі екі тіл – пушту мен дари, сонымен қатар өзбек және түркімен секілді түркі тілдері жатады.

Забибулла Татар Ауғанстандағы 34 аймақтың 16-сында татарлар тұратынын, көбі Гиндукуш тауының солтүстігіндегі Саманган және Балх аймақтарын мекендейтінін айтты.

"Біз азшылықпыз", дейді Абдулла Мохаммади, Ауғанстан парламентіндегі жалғыз татар. "Біз өзіміз тұратын аудандардың өзінде де – азшылықпыз. Мұндай төмен санмен өзіміздің мәдениетімізді ғасырлар бойы сақтап тұра алмадық".

Татарлардың көбі таулы мемлекеттің алыс ауылды аудандарында тұрады және ауылшаруашылықпен айналысады.

Мохаммадидің айтуынша, бұл факторлар қауымды саяси өкілдіктен және мойындалудан айырған.

Ұлттық статистикалық басқарманың татарларды жеке топ ретінде мойындауын қауым жақсы қабылдады. Бірақ қауым лидерлері бұл тек бірінші қадам дейді.

"Кей татарлар тәжік, басқалары өзбек, хазар немесе пуштун деп жазылған" дейді Балх провинциясында тұратын Самардин Татар.

"Біз Конституция бойынша мойындалған татар болғымыз келеді" дейді ол. "Бұл – біздің келесі қадам".

Қауым лидерлерінің айтуынша, Ауғанстанда 100 мыңға жуық татар бар. Нақты санды ешкім айта алмайды. Себебі, Ауғанстанда жан-жақты халық санағы жүрген емес.

70-жылдардың соңында жасалған соңғы талпыныс сол күйі аяқталмады. Ал жаңа санақ жүргізу туралы ұсыныстар жүзеге аспады.

1970 жылдардағы ішінара санақ мәліметтері бойынша, пуштундар үлесі 40 пайыздан асады, одан кейін тәжіктер – 30 пайыздан кем емес, ал хазарлар мен өзбектер – шамамен 10 пайыз құрайды. Халықтың қалған үлесін ұсақ этникалық топтар құрайды.

Бұл сандар – маңызды мәселе, себебі бағалау саяси өкілдіктерді анықтау үшін жүргізілген.

ҰМЫТЫЛҒАН ТІЛ

Татарлар Ауғанстандағы мәдени өмірге қауымның араласуын кеңейтуге тырысады.

Қауымда ақпарат және мәдениет министрлігінде тіркелген бес әлеуметтік-мәдени ұйым бар.

Кабулдағы Татар әлеуметтік ұйымының басшысы Камалуддин Татардың сөзінше, этникалық топ "Татар дауысы" дейтін журнал шығарады. Бірақ басылым дари тілінде жарық көреді.

Көптеген ауған татарының айтуынша, қауымның мақсаты – туған тілді жандандыру.

Соңғы жылдары татарлар Ресейде орналасқан Бүкіләлемдік татар конгресі және Татарстан Республикасымен мәдени байланыс орнатқан.

15 наурызда Бүкәлілемдік татар конгресі ауған татарларына татар тілін үйрететін онлайн курс ұйымдастырған.

Татар тілінің онлайн сабағы. Ауған татарларына арналған.
Татар тілінің онлайн сабағы. Ауған татарларына арналған.

"Татарстан ауған татарларына тіл сабақтарын ұйымдастырып көмектесіп жатыр" дейді Забиулла Татар. "Біз олардан өзіміздің жастарымызды оқытуға стипендия сұрадық".

"Біздің [Ресеймен] байланысымыз мәдени ғана" дейді ол. "Біз – ауғанбыз, ал еліміз – Ауғанстан".

Оның айтуынша, ендігі мақсат – Ауғанстанда алғашқы татар мектебін ашу.

"Бұл біздің тіліміздің жандануының басы бола алады" дейді парламент депутаты Мохаммади

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG