Қытайдың Шыңжаңдағы діні ислам түркітілдес ұлттарға қысым көрсетіп жатыр деп айыптала бастағанына төрт жыл толмақ. Халықаралық қауымдастық Пекин мұсылмандарды қамау лагеріне жауып, мәжбүрлі еңбекке салып, ұрпақсыздандырып жатыр деп санайды. Қытай мұның бәрін мойындамайды, бірақ тәуелсіз сарапшылар мен батыс журналистерін жолатпайды. Мұндайда сол қысым көрген адамдардың куәлігі таптырмас дерекке айналады. Азаттық Шыңжаңның қамау лагеріне отырып шықтық деген үш қазақпен сөйлесіп, олардың айтқандарын қаз қалпында ұсынып отыр.
Лагерьде отырып шыққан бұл үш азамат қазір Нұр-Сұлтанда тұрғанымен, Қытай билігінен әлі қорқады. Өздеріне және Қытайдағы туыстарына кесірі тие ме деп қауіптенеді. Сондықтан аты-жөнін өзгертіп беруін сұрады, жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де деректерді жарияламауды өтінді. Қазақстанға қалай келгендерін және бұл елдің азаматтығын қалай алғандарын айтпады. Тек лагерьде көргендерін баяндап берді.
Азаттық олардың айтқандарын жеке тексере алмады, бірақ олардың лагерьдегі өмірі туралы айтқандары, Қытайдың қамау лагеріне отырып шыққан өзге адамдардың айтқанына ұқсайды.
2017 жылы Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік мекемесінен хабарласты. Төлқұжатымды алып сақшы мекемесіне келуді өтінді. Бардым. Есіктен кірген бойда сырға-сақинамды шешіп алды. Тәртіп солай екен. Телефонымды алып, ішін ақтарды. Сосын қылмыскер сияқты тергей бастады. Паспорттағы визаларды көріп, "Шет елге неге көп шықтың?" деп сұрады. Шаруамен, туыстарыма барғанымды айттым. Қауіпсіздік қызметкерлері Қытайда "Қазақстан террористік мемлекет" ретінде тіркелгенін айтты. Тергеушілер Қазақстанда кімдермен кездескенімді, олардың маған қандай "террористік идея сіңіргенін" сұрады.
Діни топтардың атын айтып, "Соларға мүше емессіз бе? Намаз оқисыз ба?" деді. Бірнеше тергеуші келіп, үйімді тінтіді. Үйде кітап көп еді. Олар мыңдаған кітаптың ішінен қазақ ақындарының шығармаларын тауып алды. Заңды түрде Қытайда басылған Құран кәрімнің аудармасы да көздеріне түсті. Тексеру кезінде бір кітаптың "Ораза, намаз" деген сөздер кездесетін өлең жазылған беті ашылып қалыпты. "Бұл кітаптарда діни өлеңдер бар екен. Сол үшін қамауға алынасың" деп, сол күні ұстады. Кітаптарды алып кетті. Қауіпсіздік қызметкерлерінен не үшін қамағанын, қайда апаратынын сұрағаным да олар "сұрақ қоюға хақыңыз жоқ. Бүгіннен бастап саяси тұтқынсың" деп жауап берді.
Емханаға қан тапсырып, жұқпалы ауру жоқ екені расталған соң уақытша түрмеге әкелді. Түрмедегі 19 шаршы метр бөлмеде 20 адам отырдық. Ең жасы 18-де, үлкені 60 жастағы әйел адамдар екен. Әжетхана онсыз да тар бөлменің ішінде. 20 адам кезектесіп дәрет сындырғанда демалатын ауа болмайды. Есіктің төменгі жағында кішкентай тесік бар. Сол жерден әжетхана қағазы да, тамақ та кіреді.
Таңертең алтыда тұрамыз. Қытайды мақтайтын әндердің даусынан оянамыз. Әскери тәртіппен бес минутта төсек жинап болу керек. Жеген тамағымыз картоп, сәбіз, орамжапырақ сияқты көкөністер. Үлкен-үлкен етіп турап, шала жуып, суға қайнатып әкеп береді. Аштан өлмеу үшін жейміз. Тамақ салынған ыдыстың түбінде топырақ тұнып қалады.
Бөлменің төрт бұрышына төрт камера қойылған. Онда кіргенде "Мұнда не үшін кірдім? Қашан шығамын? Тамақ неге дұрыс емес? Жататын орын неге жайсыз?" деп сұрамайсың.
2017 жылдың соңында лагерьдегі адам саны көбейді. Олардың дені – Қазақстанға, Түркияға барғандар, балаларын осы елдерде оқытқандар, орамал таққандар, құран мен жайнамаз сақтағандар, үйінде құран оқытып, дұға жасағандар, телефонына WhatsApp месенджерін орнатқандар.
Күзетшілермен ерегісіп, айтқанын қылмағандарды жазалайды. "Жолбарыс орындық" деген бар. Соған отырғызады. "Жолбарыс орындықта" екі аяқ темірге таңылады. Екі қол да байланады. Төбесінде шам жанып тұрады. Ұйықтатпайды. Тамақ бермейді. 78 сағат бақылауда ұстайды. Жазаланған адам дәретті сол отырған жерінде, бұтына жібереді.
Түнде жатқанда "Таң атпаса екен. Оянбасақ екен" деп ойлаймыз. Иықтан жоғары көрпені жамылуға болмайды. Мойның көрініп жатуы керек. Ұйқыға жатқандар өліп қалмауы үшін екі адам ұйықтамай кезекші болады. Осылай таңға дейін әр 2 сағат сайын кезекші ауысып тұрады.
Аптасына төрт рет "тексеру хат" жазғызады. Алғашқы екеуінде қазақ және қазақстандық идеясын сынап, одан кейінгі екеуінде Оспан батыр (1940-1951 жылдары аралығындағы Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі – ред.) мен Қанат Исламды (Қытайда туған қазақ боксшысы – ред.) қаралауың керек.
Одан бөлек жағдайың жақсы екенін айтып, үйіңе де хат жазасың. Хатта Қазақстанды жамандау керек. "Қазақстан кедей. Ерлері жауапсыз. Әйелдері жеңілтек" деген сияқты әртүрлі сөзбен жамандатқызады. "Қанат Ислам сатқын. Су ішкен құдығына түкірді. Оспан батыр коммунистік партияға қарсы оқ атқан бүлікші" дейміз. Осының бәрін өздері сабақта үйретеді. Қанша қатты жамандасаң, оларға сонша жағады.
Аптасына үстеріне дәрігерлер коронавирус дерті өршігенде киген арнайы киімдегі адамдар келіп, иықтан екпе салады. Оның не екенін айтпайды. Біз білмейміз.Дәріден кейін аузымыз құрғайды, тамақ кеуіп қалады. Су ішкізбейді. Айына бірнеше рет қан тапсырамыз.
Лагерьден босаған соң алты ай бақылауда болдық. Шетелдік журналистерге сұхбат бермеу, шет елге шықпау туралы талап қойды. "Көздеріңнің нұры, қан топтарың, дауыс толқындарың бізде сақталған. Дүниенің қай бұрышында жүрсең де, аман қаламын деп ойлама" дейтін.
Қытай лагерінде бір жылға жуық жаттым. 2018 жылы жергілікті сақшылар телефон соқты. Сосын үйге келді. Өзімнен бастап, отбасымдағы барлық адамның төлқұжатын сұрады. Бәріміздің телефонымызды тексерді. Сақшылар смартфонымды алып кетті. 15 күннен кейін телефонды тескеріп, қайтып әкеп берді. "Телефонға шет елмен хабарласатын система орнатқансың" деді. Сөйтсем онда Skype мессенджері (видео қоңырауға мүмкіндік беретін қосымша – ред.) бар екен. Ал Қытайда телефонға Skype орнатуға тыйым салынған. Шынымды айтсам, телефонда Skype бар екенін білмедім. Ол зауыттан шыққанда-ақ жүктеліп тұрады екен. Бірақ маған сонда да қамалатынымды айтты. Қамады...
Лагерьде 20 шаршы метрдегі тас еденде 20 адам жаттық. Жуынуға бес минут уақыт береді. Су тастай суық. Сабақта пластмасса орындықта 14 сағат отырамыз. Әскери тәртіп дейді. Тамақ ішуге 20 минут бөлінген. Қытайдың нанын, шала піскен көкініс береді.
Бөлмедегі төрт видео камерадан дауысымызды естіп отырады. Қазақша сөйлесуге тыйым салынған. Тек қытайша сөйлесу керек.
Лагерьге өз киімімізбен бардық. Кейін мемлекет берген аяқ киім киесіңдер деп, шүберек аяқ киім берді. Еден – цемент. Қазір соның салдарынан бүйрек, жүрек ауруы қоза бастады. Дәрігерге қаралып, дәрі алатын ақшамыз жоқ. Мемлекет көмектессе дейміз.
Лагерьде жүргенде "Менде бәрі жақсы. Қарным тоқ. Қате жасап, Қытайдың телеграф заңын бұздым. Мұғалімдердің арқасында құқықтық сауатымды күшейтіп жатырмын. Алаңдамаңдар" деп қытай тілінде хат жазамыз.
Әр аптаның дүйсенбісінде Қытай туын көтереді. Мұғалімдер "Мына мемлекеттің туын сыйлаңдар. Қытай – алып империя" деп бізге мақтау айтқызады.
Күзеттен бөлек, арнаулы сақшылар келіп, бізге "Оспан банды" (Оспан Батыр), Қанат Ислам, Серікжан Біләшке табынбаңдар. Балаларыңа олардың атын қоюға болмайды" деп ескертеді.
Лагерьде болғанда отбасымызға мемлекеттік қызметте жүрген еркектерді бөліп тастайды екен. Олардың біреуі күніне үйге қонып отырған. Мұны туыстандыру дейді.
Бір жылға жуық уақыттан кейін сұрағандарға "бәрі жақсы болды дейсіңдер" деп лагерьден бір күнде шығарып жіберді.
Қытайдың түзету лагеріне 2019 жылы қамалдым. Лагерьге түсуіме Қазақстанға баруым, Қазақстаннан телефон қоңырауын қабылдауым және телефонға WhatsApp мессенджерін жүктеуім себеп болды.
2019 жылы Қазақстанға келіп, туыстарыммен сөйлесу үшін WhatsApp мессенджерін орнатқан едім. Себебі мұндағылар қытайлық WeChat желісін қолданбайды. 2019 жылдың жазында шекарадан өттім. Ертеңіне үйге сақшылар келді. Тексеру жүргізіп, телефонымды алып кетті. Он күннен кейін өзім барып телефонды алдым. Араға бірнеше күн салып, қамауға алды. Одан жазықсыз деп босатты. Бірақ бірнеше айдан кейін үйге сақшылар келді. Олар "тек сен емес, барлығын жинап жатырмыз" деді. Содан "үйрену орнына" апарды. Сол күні менімен бірге әйелдер жағына 30 шақты адам келді.
Бір бөлмеге 20 адамды қамады. Жатын орын санаулы. Бірнеше ағаш төсек бар екен. Оны жасы үлкен апаларға бердік. Өзіміз жерге жатып, суық тигізіп алдық. Қамалғандардың ең үлкені 60 жастан асқан апалар екен.
Түрмеде арнайы киім берді. Біршама уақыт өткенде шашымызды қиды. Заң сондай екен.
Күзетшілер, мұғалімдер "Тәртіп сақтап, айтқанды қылсаңдар балл жинайсыңдар. Балл сендерге лагерьден тезірек шығуға көмектеседі" деді. Лагерьден босауға бір ай қалғанда "балл жинау" деген өтірік екенін білдік. "Балл" арқылы бізді қатаң ұстағысы келген сияқты.
Көбіне қара суған асқан күріш пен көкөніс қана жедік. Үйге келгенде бір апта үйдің тамағына үйрене алмай жүрдік.
Екі аптада бес минут үймен сөйлесуге рұқсат береді. Қасымызда тәрбиеші тұрады. Тек амандық сұраймыз. Басқа ештеңе айтпаймыз. Айына бір рет хат жазамыз. Аудан қызметкерлері үйдегілерге "қытайша үйреніңдер, сонда балаларың тез шығады" деп айтады екен.
Сол кезде отбасы мүшелері ауылда кешкі мектепте қытайша үйреніп жүрген екен. Түрмеден босауға бір апта қалғанда ерлі-зайыптыларды лагерь ішіндегі арнаулы бөлмеде кездестірді. Бір түн қонуға рұқсат берді. Сол бөлмеге кірер алдында әйелдерге дәрі ішкізді. Таңертең шыққанда тағы да бір дәрі берді.
Ауырып, дәрігерге барар болсаңыз, қолыңа кісен салып апарады. Көліктен түсерде шешеді. Қайтып келе жатқанда, қайта кісен салады.
Бөлменің ішінде әжетхана бар. Сондықтан ауа жоқ. Душқа бір адамға 5 минут уақыт беріледі. Бір адам 10 минут түсу үшін душқа екі адам қатарынан кіретінбіз.
Кешке бір сағат телехабар тамашалаймыз. Қытай мемлекетін мақтайтын бағдарламалар көреміз. Отырған орындығыңнан қозғалуға, бетіңді қасуға, шашыңды реттеуге болмайды. Олай етсеңіз, бір сағат орныңда тұрғызып, жазалайды. Сөйлеуге тіпті тыйым салынған.
Біреу қате ойлап, өзін жазым қылмасын деп екі адамды ұйықтатпай, кітап оқытып күзетіп қояды. Кітап Қытай басшыларының сөздері, компартияның жетістіктері жайлы болады.
Лагерьге қос азаматтығы барлар, намаз оқығандар, паспортының уақыты өтіп кеткендер, Қазақстаннан қытай абонентіне қоңырау қабылдағандарды да қамады.
Шыққан соң бір ай қатаң бақылауда болдым. Жергілікті билік маған бес "туыс" бекітіп қойды. Олар үйге келіп, аптасына бір рет менімен фотоға түсіп тұратын. Олардың үшеуі қазақ, екеуі қытай ұлтынан болды.
Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. 2020 жылы маусымның соңында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.
АҚШ пен Батыс мемлекеттері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция енгізген алғашқы ел. Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.
2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да ұлты қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.