Қызылорда облыстық полиция департаменті ЗК-169/1 тергеу изоляторында жарақаттанып, ауруханаға түскен белсенді Мұратбай Баймағамбетовті "суицидке итермелеу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады. Ал мекемеде қызметтік тексеріс жалғасып жатқанын хабарлаған қылмыстық жазаны атқару департаменті "тергеу изоляторы тарабынан заңға қайшы әрекеттер анықталмады" деп мәлімдеді.
2 сәуір түске қарай Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында полиция Баймағамбетовтің "сот тергеуіне наразылық білдіріп, өз-өзіне дене жарақатын салғанын" жазған.
"Бұл факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 105-бап 1-бөлігімен ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") тергеп-тексеру амалдары басталды. Тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр" делінген полиция хабарламасында.
"Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар" деп күдікке ілініп, жеті айға жуық уақыттан бері Қызылордадағы тергеу изоляторында отырған белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің ауруханаға түскені жайлы хабар 1 сәуірде кешке тараған. Жақтастары "Баймағамбетов өз-өзіне қол салуға тырысты" деген полиция ақпаратына сенбейді. Олар билікті сынап, азаматтық позициясын ашық айтып жүрген белсендіге изоляторда қысым жасалуы мүмкін деп болжаған.
Қызылорда облысының қылмыстық жазаны атқару жүйесі департаментінің түсіндіруінше, "қылмыстық істі жүргізу барысымен келіспеген" Баймағамбетов 1 сәуірде қарсылық ретінде "өзінің денесін тіліп, кішігірім жарақат салған". Мекеменің медицина қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейінірек Қызылорда қалалық ауруханасына жіберген. ҚАЖД белсендінің жағдайын "орташа" деп бағалайды.
Хабарламада полиция басшылығы, ҚАЖД, прокуратура қызметкерлері мен облыстық ұлттық превентивті механизм тобы өкілдерінің мекемедегі видеокамераларды тексеріп, белсендінің жанында отырған адамнан сұрақ-жауап алынғаны да жазылған.
"Тергеу изоляторы әкімшілігі тарабынан заңға қайшы әрекеттер анықталмады" делінген хабарламада.
ҚАЖД қызметтік тексерістің жалғасып жатқанын да атап өткен.
2 сәуір кешке қарай Алматыда бір топ белсенді қалалық полиция департаменті ғимаратының алдына жиналып, Мұратбай Баймағамбетовті босатуды талап етті. Олар "белсенді тергеу амалдарына қарсылық ретінде қарнын тілді" деген ресми ақпаратқа сенбейтінін айтып, мүгедектігі бар белсендінің денсаулығына алаңдаушылық білдірді.
Жұма күні таңертең құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина омбудсмен Эльвира Әзімовадан белсендімен кездесіп, тергеу изоляторында болған төтенше жағдайдың мән-жайын анықтауды сұраған. Азаттыққа берген жауабында омбудсмен Эльвира Әзімова белсендінің жарақаттануына қатысты ешқандай ақпарат түспегенін айтқан.
Мұратбай Баймағамбетов Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдағаны үшін істі болған. (Бұл қозғалысты Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған).
Ол билікті сынағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған. Қызылордада жолақысын 50 пайызға арзандатуды және бензин бағасын төмендетуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізген.
Былтыр құқық қорғаушылар Мұратбай Баймағамбетовтің саяси себеппен қудаланып жатқанын айтып, "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.
ПІКІРЛЕР