Accessibility links

Қазақстанда Шыңжаңдағы қысымға қарсы қозғалыс бәсеңдеді, бірақ тоқтаған жоқ


Қытайдағы қазақтардың қысым көруіне қарсы науқан жүргізген ең танымал қазақстандық белсенді Серікжан Біләш. Алматы, 17 тамыз 2019 жыл.
Қытайдағы қазақтардың қысым көруіне қарсы науқан жүргізген ең танымал қазақстандық белсенді Серікжан Біләш. Алматы, 17 тамыз 2019 жыл.

Қытайдың Шыңжаң мұсылмандарына жасаған қысымын алғаш Қазақстандағы белсенділер әшкереледі. Қазақстан үкіметі іс жүзінде бұл белсенділікті басып-жаныштап тастады десе болады.

67 жастағы Қалида Ақытхан Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа қосылғанда, оның үш ұлы үш жылдан бері Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу" лагерінде отырған. Содан бері ол ақпан айында басталған пикетке тұрақты шығады. Ондаған шарасыз азаматтың бұл наразылық акциясы консулдықтың кедергілері мен құқық қорғау органдарының қорқытуына қарамай әлі өтіп келеді.

Консулдық алдына күн сайын келетіндердің Қытайда жүрген туыстары не жоғалған, не түрмеге қамалған.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі өкілдерінің айтуынша, Қытай қамау лагерлерінде бір миллион не одан көп мұсылман отыр. Олардың көбі – ұйғыр, қазақ және қырғыз секілді түркі тілдес халықтың өкілдері.

Қалида Ақытхан Алматыдан 50 шақырым жердегі ауылда тұрады. Қазақстанның ең ірі қаласына ол кейде автобуспен, кейде бірнеше адамды қатар алатын таксимен жетеді. Консулдық алдына барғанда туысына алаңдаған бұл азаматтар түрлі қиындыққа тап болады. Дыбыс зорайтқышынан жиналғандардың Covid карантині ережесін бұзғаны, ол үшін жауап беретіні ескертіледі, әкімдік өкілі келіп шараның заңсыз екенін айтады, ал журналистердің камерасын көлегейлейтін консулдық күзетшілері мекеме алдына жақындатпауға тырысады. Осы секілді қиындықтарға тап болып отырған Ақытхан наразылық акциясына қатысуын тоқтатуды ойламайды.

Ұш ұлының Қытай түрмесінде отырғанын айтқан Қалида Ақытхан Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылық акциясына қатысып тұр.
Ұш ұлының Қытай түрмесінде отырғанын айтқан Қалида Ақытхан Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылық акциясына қатысып тұр.

Негізінен әйелдерден тұратын бұл наразылар тобы туыстарының Қазақстанға аман-есен оралуын талап етеді. Қытайда қалып қойған жақындарының көбі – Шыңжаңда туған, бірақ Қазақстан азаматтығын не ықтиярхатын алған қазақтар.

"Балаларым туралы бір түйір мағлұмат алмайынша келе беремін" деді Ақытхан Азаттыққа. "Күзетшілерге "Күн жылығанда көрпемен келіп, жатып аламын" дедім.

Шыңжаңда қамалған этникалық қазақтар мен басқа топтардың ауыр жағдайы Қазақстанда наразылық туғызды.

Қамауда болғандар мен олардың Ақытхан секілді туыстары айтқан куәліктер мен шағымдар Шыңжаң мұсылмандарын қорғау жөніндегі партизандық науқанға күш берді. Науқан халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, Қазақстанды Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуын құжаттандыру көзіне айналдырды.

Ақытханның табандылығы мен консулдық алдындағы наразылықтар Қазақстанда Қытай лагерьлеріне қарсы белсенділіктің жалғасып жатқанын көрсетеді.

Бірақ қазіргі белсенділік 2018-2019 жылдардағыға қарағанда бәсеңдеу. Ол кезде қазақ үкіметі не Бейжіңнің көңілін табарын, не өз халқының ашуын басарын білмей, екі оттың арасында қалған.

Қазақстан билігі сол кезден бастап Шыңжаң мәселесін көтерген белсенділерді жанши бастады.

Билік ұйымдарды жапты, белсенділерді қамауға алды және көрнекті адамдарды қудалап, қорқыта бастады. Ал бұқаралық наразылықтарға тек аз, бірақ сенімді сегмент қана қалдырды.

"Қазақ үкіметі бұл екі проблеманы бұрыннан теңестіруге тырысып жатыр" дейді Карнеги Мәскеу орталығының Орталық Азия бойынша сарапшысы, қытайтанушы Темур Умаров Азаттыққа.

"Шыңжаң Бейжің үшін өте шетін мәселе және [қазақ үкіметі] осындай маңызды экономикалық, саяси және күшті серіктеспен байланысты сақтаудың қажетін біледі" дейді Умаров.

Қытайда қалып қойған туыстарын талап еткен наразы әйелдер Алматыдағы Қытай консулдығы алдында. Полиция консулдыққа апарар жолды жауып тастайды. 19 наурыз 2021 жыл.
Қытайда қалып қойған туыстарын талап еткен наразы әйелдер Алматыдағы Қытай консулдығы алдында. Полиция консулдыққа апарар жолды жауып тастайды. 19 наурыз 2021 жыл.

БАСТЫ НАЗАРДАҒЫ МӘСЕЛЕ

Ұлты ұйғыр Ақытхан қазаққа тұрмысқа шыққан. Шыңжаңнан Қазақстанға көшіп, азаматтық алған.

Оның ұлдарының бірі шекарадан өтіп, Қазақстанға келген. Ал одан бөлек үш ұлы, келіндері және 14 немересі Қытайда қалған. Олардың бәрін түбі қамау лагеріне жапқан.

Жесір қалған Ақытхан отбасы үшін науқан жүргізіп келеді. Оған Шыңжаңдағы лауазымды адам хат жазып, ұлдарының лагерьден түрмеге ауыстырылғанын айтқан. Бірақ ол балаларының қандай қылмыс үшін қамалғанын білмейді.

Содан кейін оның келіндері балаларына қарау үшін лагерьден босатылған. Дегенмен олар әлі де үйқамақта отыр.

Ақытхандыкі сияқты шекараның екі жағында қалған отбасылар Қазақстанды Шыңжаңдағы жағдайға қарсы белсенділік ошағына айналдырды. Туыстары Шыңжаңда тұратын қазақтар осы белсенділіктің қозғаушы күшіне айналды.

Пекин саясатын ең қатты сынағандардың бірі – Серікжан Біләш.

Оның Алматыдағы "Атажұрт еріктілері" дейтін тобы жаппай қамауды тіркеп, халықты құлақтандырудың алдыңғы шебінде жүрді.

"Нағыз Атажұрт еріктілері" белсендісі Серікжан Біләш. Алматы, 4 наурыз 2020 жыл.
"Нағыз Атажұрт еріктілері" белсендісі Серікжан Біләш. Алматы, 4 наурыз 2020 жыл.

Бұл топ еріктілері қамауға алынғандармен немесе із-түзсіз жоғалғандармен және олардың туыстарымен бірге Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуы туралы ақпаратты кеңінен таратты.

Олар халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарымен және құқық қорғау топтарымен бірге жұмыс істеді. Баспасөз мәслихатын өткізіп, қамаудан шыққандармен видеоматериалдар дайындады.

"Лагерьде болған қазақтардың аз бөлігі ғана оқиғаларын ашық айтып берді. Шыңжаңда не болып жатқаны туралы бірінші тараптан көп факт жинау өте маңызды" дейді Біләш Азаттыққа.

Бірақ Біләш пен "Атажұрт еріктілерінің" жұмысы Қазақстан үкіметінің қытығына тие бастады.

Топтың ресми тіркеу туралы өтініші бірнеше мәрте қабылданбады.

Одан кейін айыппұлдар салынып, 2019 жылғы наурызда Біләш қамауға алынды. Оған Қазақстанда үкіметін сынайтындарға қатысты жиі қолданылатын экстремизм туралы айып тағылды.

Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың жағдайына халықаралық қауымдастықтың назарын аударған да осы – Біләш пен "Атажұрт еріктілері". Басында лагерьде жұмыс істеп, кейін қамалудан қауіптенген Сауытбай 2018 жылы Қазақстанға қашып, шекараны заңсыз кесіп өткен.

Сайрагүл Сауытбай.
Сайрагүл Сауытбай.

Сауытбайдың Қазақстандағы құқықтық статусы біразға дейін бұлыңғыр болды. Себебі Қазақстан билігі оның пана сұрау өтінішін Шыңжаң лагеріндегі жұмысы жайлы айтуына тосқауыл қою құралы ретінде пайдаланды.

2019 жылы Сауытбай Қазақстаннан Швецияға қоныс аударды.

"Қазақ үкіметі Пекинмен жақындасамын деп тәтуелсіздігінен айырылды" дейді Біләш. "Олар тәуелсіздігін Қытайға сатты".

Біләш кінәсін мойындау туралы келісімге келіп, белсенділігін тоқтатуға және "Атажұрттан" аулақ жүруге міндеттенді.

Көп ұзамай Біләшпен арасы суып кеткен бұрынғы серіктері "Атажұрт еріктілері" дейтін ұйымды тіркеді. Бірақ ол бұрынғы "Атажұрт" сүйенген әдістен алшақ кетіп, Қытайдағы адам құқығының бұзылуына қарсы науқанын ың-шыңсыз жүргізе бастады.

Серікжан Біләштің жақтастары Алматыдағы сот ғимараты алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. 16 тамыз 2019 жыл.
Серікжан Біләштің жақтастары Алматыдағы сот ғимараты алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. 16 тамыз 2019 жыл.

Ресми түрде тіркеуден өткен "Атажұрт еріктілерінің" жетекшісі Ербол Дәулетбек Азаттыққа ұйымның Шыңжаңдағы жағдайдан жапа шеккендерге көмек көрсетуді жалғастыратынын, бірақ жапа шеккендердің көбі жағдай туралы ашық айтудан қорқатынын айтты.

Дәулетбектің сөзінше, Қазақстан үкіметі Қытай лагеріндегі қазақтар мен оларды босатуды талап ететіндерді "үн-түнсіз ұмыт қалдырды".

Бұл үкіметтің елдегі Шыңжаң туралы белсенділікті басу стратегиясының күшейіп жатқанын көрсетеді. Бұдан қазақ билігінің елде Шыңжаңдағы жағдай жөніндегі белсенділікті бәсеңдетудің жаңа әдістерін қолдана бастаған көруге болады.

"Енді үкімет ашық сөйлейтіндерді қорқытуға кірісті. Бұл - белсенділіктен бас тартып, тыныш жүру туралы ескерту" дейді Біләш.

Серікжан Біләш Қазақстаннан алдымен Түркияға, одан кейін АҚШ-қа кетіп қалды. Ол өз қызметін сол жақта жалғастырмақ және Шыңжаңға бағытталған америкалық үкіметтік емес ұйым құрмақ.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ПІКІРІ

Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясаты назарына алып, Пекинге саяси қысым көрсетуге көшті. АҚШ мемлекеттік департаменті жақында Қытайды ұйғырларға қарсы "геноцид және адамдыққа қарсы қылмыс" жасады деп айыптады. Канада және Нидерланд парламенттері Шыңжаңдағы жағдайды "геноцид" деп атады.

Сонымен қатар Қытайға шыңжаңдықтарды мәжбүрлі еңбекке тартады, ұрықсыздандырады, азаптайды мен зорлайды деп айыпталып отыр.

Бірақ Қытай да қарсыласуын тоқтатар емес: тағылған айыптарды мойындамай, лагерьлерді терроризммен күреске арналған "қайта тәрбиелеу орталығы" деп атады. Ал лагерьде көргенін ашық айтып жүрген қорқытып, қудалаудан тартынбайды.

Пекиннің қудалануына ақпан айында ВВС-ге хабарласып, зорланғанын және жыныстық зорлық көргенін айтқан әйелдер де ұшырады.

Наурыз айында Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ван Вэньбинь мен Шыңжаң шенеунігі Сюй Гуйсян лагерьдегі жыныстық зорлық туралы айтқан әйелдердің суреттерін көрсетті, әйелдерді "ұятсыз өтірікші" деп атады. Мұнымен шектелмей оларды зина жасады деп айыптады.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Пекин қазақтарға қысым көрсетіп отыр деген айыптармен күресу керек деді.

Елшіліктің Instagram-дағы парақшасы Сауытбайды қаралайтын ақпарат сала бастады. Онда Сауытбайға Шыңжаңдағы оқиғасын ойдан шығарды деген айып тағылған.

"[Қытай] Шыңжаңда болып жатқан оқиғалар туралы әңгімелерді өзгертуге тырысып жатыр. Бірақ Орталық Азияда ол қатты өзгерген жоқ. Пекинде бұл проблеманы шешудің стратегиясы бар деп ойламаймын" дейді Карнеги орталығында істейтін ТемурУмаров.

ҚАЗАҚСТАН ҰСТАНЫМЫ

Қазақ үкіметі Қытайды сынаудан қашқақтайды және жария түрде Пекиннің саясатымен келіседі. Осылайша Нұр-Сұлтан өзінің негізгі инвесторын және "Бір белдеу – бір жол" бойынша стратегиялық серіктесін ашуландырғысы келмейді.

Билік Сауытбайдың ісі халықаралық қауымдастықтың назарына қатты түскен соң, Шыңжаңдағы жағдай жөніндегі белсенділікті бақылауда ұстаудың жаңа амалын тапты. Шыңжаңнан Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өткен төрт адамға уақытша пана берді.

Пана сұрағандардың екеуі – Шыңжаңда туған Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы уақытша пана алғаннан соң бір күнде шабуылға ұшырады. Ақан Алматыда дүкеннен үйіне бара жатқанда соққыға жығылған. Ал Әлімұлы Нұр-Сұлтан қаласында пышақталды.

Қытай қазақтары Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлы Семейдегі түрмеден босап шыққан кезде. 2 маусым 2020 жыл.
Қытай қазақтары Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлы Семейдегі түрмеден босап шыққан кезде. 2 маусым 2020 жыл.

Екі жағдайда да ештеңе ұрланбады. Күдіктілер ұсталмады. Ақанның айтуынша, шабуыл саяси мақсатта жасалған және бұл Шыңжаң туралы ашық айтуға болмайтыны туралы ескерту болған. Бірақ ол шабуылдың артында кім тұрғанын білмейді.

"Бұл кездейсоқтық емес. [Әлімұлының] пышақталуы мен менің соққыға жығылуым бір күнде болды. [Көшедегі] жарықты екі сағатқа сөндірді. [Мен соққыға жығылғанда] [бейнебқылау] камералары істемей қалды. Қандай кездейсоқтық! Солай емес пе?" дейді ол Азаттыққа

Біләштың серігі Бекзат Мақсұтхан бұрынғы топтың ізбасары саналатын "Нағыз атажұрт" деп аталатын ұйымға жетекшілік етеді. Бірақ топ әлі тіркелмеген және оның кеңсесі де жоқ.

Мақсұтхан Әлімұлы мен Ақанның жағдайын, консулдық алдындағы наразылықтарды назарында ұстаған. Бірақ ұйымды қолдау қиынға соғып жатыр дейді. Мұның себебін қазақ билігінің қысымынан көреді.

"Біз ешқашан үкіметтің ісіне араласқан жоқпыз. Біздің экономикалық мүддеміз де, саяси мүддеміз де жоқ. Біз тек адам құқықтарымен айналысамыз. Бірақ біз әлі де қысымға ұшырап отырмыз, полиция бізден жиі жауап алады" дейді Мақсұтхан.

Қорғайтын ұйымдар азайып, билік тарапынан бақылау күшейген. Сондықтан Ақытхан сияқтылар үшін Алматыдағы консулдық алдындағы наразылық – соңғы амал.

Ақытхан наразылық акциясы кезінде есінен танып қалған. Дегенмен, жасына және денсаулығына қарамастан ол балалары туралы жауап алмай тоқтамайтынын айтады.

"Мен түнде үш баламның суретін алып, құшағыма басамын. Онсыз ұйықтай алмаймын. Жастығыма қойып жатамын. Кейде таңғы 5-ке дейін ұйықтай алмаймын".

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG