Ресейдің ұлттық статистика агенттігі 2 сәуірде елде коронавирустан 225 мың адамның қайтыс болғанын хабарлады. Бұл – былтырғы сәуірден биылғы ақпанға дейінгі көрсеткіш.
Осы көрсеткіш бойынша, Ресей коронавирустан көз жұмғандар саны бойынша әлемде АҚШ пен Бразилиядан кейінгі үшінші орынға шықты. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та 553 мың, Бразилияда 328 мың адам Covid-тен көз жұмған.
Ресей статистика агенттігі жариялаған сан коронавируспен күрес жөніндегі үкімет штабының көрсеткішінен екі еседей көп. Джонс Хопкинс университеті Ресей туралы мәлімет жинағанда осы штаб жіберген дерекке сүйеніп келген. Штабтың мәліметі бойынша, елде 98 мың адам індет құрбаны болған. Бірақ коронавирус инфекциясы кесірінен көз жұмғаны қайтыс болғаннан кейін ғана анықталған адамдардың бұл санаққа қосылмаған.
Ресей статистика агенттігінің мәліметі бойынша, биыл ақпанда қайтыс болғандар саны былтыр ақпандағы көрсеткіштен 29 493 адамға көп.
Джонс Хопкинс университетінің дерегі бойынша, індеттен ең көп адам шығыны болған елдер – Мексика (203 мыңдай адам), Үндістан (164 мың), Ұлыбритания (127 мың), Италия (110 мың), Франция (96 мың), Германия (76 мың), Испания (75 мың).
ПІКІРЛЕР