Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нұр-Сұлтанға келген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу кезінде Мәскеумен қарым-қатынасқа басымдық беретінін атап өтті. Лавров келіссөз барысында "ортақ геосаяси кеңістікке" жақын аумақ пен аймақтағы жағдай бойынша пікір алысу маңызын атап өтті.
Мәскеу мен Батыс арасында жағдай ушыққан шақта Лавров Ресейдің экономикалық одақтасы саналатын Қазақстанға ресми сапармен келіп отыр. 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Донбастағы сепаратистерді қолдағаны үшін АҚШ пен Еуропа санкциясына ұшыраған Ресей кейінгі апталарда Украинамен шекарасына әскер шоғырландыра бастаған. Бұған алаңдаған Киев, Брюссель мен Вашингтонға Кремль ел аумағындағы кез келген әскери дислокация - мемлекеттің ішкі ісі деп жауап берген.
Келіссөз басында Лавров Мәскеу көрші екі ел қатысатын интеграциялық бірлестіктерге, оның ішінде Еуразия экономикалық одағына да (ЕАЭО) ерекше назар аударғысы келеді деді.
"Қазақстан биыл ЕАЭО-ға төраға болады. Ортақ геосаяси кеңістікке жақын аумақ пен аймақтағы жағдай бойынша пікірімізді біліп отыру пайдалы" деді Лавров.
Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуразия экономикалық одағы (оған сонымен бірге Армения, Беларусь, Қырғызстан да кіреді) арқылы Ресеймен одақтас.
Қазақстан СІМ сайтында жарияланған ақпарат бойынша, Мұхтар Тілеуберді мен Сергей Лавров 8 сәуірде түстен кейін екі елдің саяси-экономикалық, әскери техникалық, көлік транзиті, энергетика салалары мен халықаралық ұйымдар, аймақтық интеграциялық бірлестіктер аясындағы ынтымақтастығын талқылаған.
Мұхтар Тілеуберді Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз қарым-қатынасты атап өтіп, екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ деген.
Төрт ай бұрын Нұр-Сұлтан Ресейдің бірқатар саясаткерлерінің Қазақстан аумағы жөніндегі мәлімдемелеріне байланысты дипломатиялық нота жіберген. 2020 жылы желтоқсан айында Ресей мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің жетекшісі, биліктегі "Единая Россия" партиясы фракциясының мүшесі Вячеслав Никонов "Қазақстан жері Ресейдің үлкен сыйы" деп мәлімдеген. Онан кейін мемлекеттік дума депутаты Евгений Федоров та осыған ұқсас пікір айтып, Қазақстан қоғамының наразылығын тудырған еді. Қазақстан нотасына жауап келген жоқ.
Наурыз айында Ресей президенті Владимир Путин Қырымды "қосып алу" күніне арналған (халықаралық қауымдастық 2014 жылғы оқиғаны "аннексия" деп таныған) Мәскеудегі концерт кезінде Ресейдің Совет одағы құрамында болған елдерге "жер сыйлағанын" тағы да айтқан.
"Өткен ғасырдың 20-жылдары большевиктер Совет одағын құрып, әлі күнге түсініксіз себеппен көп аумақты, географиялық кеңістікті квазимемлекеттік құрылымдарға берді. Кейін өздері қирап, партия мен Совет одағын құлатты, соның салдарынан Ресей көптеген территориясы мен геосаяси кеңістігінен айырылды" деді ол.
Путиннің сөзіне Қазақстанның ресми тұлғалары реакция білдірген жоқ.
ПІКІРЛЕР