Accessibility links

Қырғызстанда қыз алып қашты деген күдікпен төрт адам ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі 8 сәуір кешке Айзада Қанатбекованы ұрлауға қатысы бар деген күдікпен төртінші адамның ұсталғанын хабарлады. Бейсенбі күні тараған милиция хабарламасында Жалалабад облысында 1991 жылғы жігіттің тұтқындалғаны туралы айтылады. Бұған дейін "адам ұрлауға қатысы бар" үш адам уақытша қамау изоляторына қамалған еді.

5 сәуірде Бішкекте белгісіз біреулер 1994 жылғы Айзада Қанатбекованы көлікке отырғызып, алып қашқан. Екі күннен соң Шу облысында айдаладағы көліктен оның денесі табылды. Көлік салонынан тағы Замирбек Тенизбаев есімді жігіттің денесі де табылды. Алдын ала болжам бойынша, жігіт қызды тұншықтырып, кейінірек өзіне қол салған.

Милиция "Неке тұру мақсатында адам ұрлау" бабымен қылмыстық іс қозғады.

Азаматтық қоғам өкілдері мен белсенділер биліктен қыз алып қашу қылмысын түбірімен жоюды талап етті. Бейсенбі күні бірқатар қалада митинг өтті. Бішкекте демонстранттар ішкі істер министрі Улан Ниязбековтің отставкаға кетуін талап етті.

Премьер-министр Улукбек Марипов қылмысқа жауаптылар қатаң жазаға тартылады деп мәлімдеді.

Соңғы бірнеше жылда Қырғызстанда алып қашумен байланысты осымен екінші қайғылы оқиға болып отыр. 2018 жылы мамыр айында Шу облысында 20 жастағы студент Бурулай Турдаалыкызы алып қашу оқиғасынан кейін милиция бөлімшесінде қаза болған. Сотта айыпталушы жігіт қызды алып қашқанын мойындаған, бірақ оны өлтірді деген айыпты жоққа шығарған. Сот оған 20 жыл түрме жазасын берген.

Қырғызстан 2013 жылдан бастап қыз алып қашқандарды қылмыстық жазамен қудаласа да, жыл сайын мыңдаған алып қашу оқиғасы тіркеледі. Белсенділер аталған практика көп жағдайда зорлық-зомбылық, ұрып-соғу және өзге де құқық бұзуға жол ашады дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG