Accessibility links

Тоғжанов Қазақстанда саяси қуғын-сүргін жоқ деп есептейді


Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елде саяси қуғын-сүргін жоқ деп есептейді. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия 9 сәуірде өткізген брифингте Тоғжанов осындай пікір айтты.

Азаттық тілшісі Тоғжановтан «2006 жылғы Алматыдағы «Шаңырақ оқиғасына» қатысқаны үшін 18 жылға сотталған ақын, диссидент Арон Атабекті, 2016 жылғы Атыраудағы «жер митингіне» қатысқаны үшін бес жылға түрме жазасына кесіліп, жақында босап шыққан Макс Боқаевты және құқық қорғаушылар «саяси себеппен сотталған» деп санайтын басқа да азаматтарды «саяси тұтқын» қатарына жатқызасыз ба?» деп сұрады.

— Мұның барлығы — Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысатын комиссияның жұмысы. Барлық сұрақты сол комиссияға қойған жөн. Қазіргі Қазақстанда сол кезде (совет заманында — Ред.) болғандай сіз айтып отырған форматтағы саяси қуғын-сүргін жоқ. Бұл – тұтас бір халыққа қарсы қуғын. 1920, 1930 жылдары, депортация кезінде. Бұл жөнінде тарихтан жақсы білесіз. Депортация кезінің өзінде Қазақстанға бүкіл әлемнен 62 түрлі халық көшірілді. Осы фактілердің бәрін білуіңіз керек. Сондықтан, меніңше салыстырудың қисыны жоқ, — деді Тоғжанов.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро мен «Тірек» альянсы 2013 жылдан бастап «саяси себеппен қуғынға ұшыраған тұтқындардың» тізімін жасайды, қазір бұл тізімде ондаған адам бар.

Соңғы рет бұл тізім биыл 17 наурызда жаңарып, оған тағы бес адам қосылды. Олардың дені – «экстремистік деп танылған ұйым жұмысына қатысқаны» үшін сотты болғандар. Қазақстан соты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) және «Көше партиясы» қозғалыстарын «экстремистік ұйымдар» деп тауып, олардың жұмысына тыйым салған. Ал Еуропарламент құжаттарында бұл ұйымдар «бейбіт ұйым» деп аталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG