Accessibility links

Батыс Ресейді Украинаның шығысындағы ахуалды ушықтырмауға шақырды


Донецк облысы Авдеевка ауылы маңындағы майдан шебінде тұрған украин сарбазы. 5 сәуір, 2021 жыл. AFP суреті.
Донецк облысы Авдеевка ауылы маңындағы майдан шебінде тұрған украин сарбазы. 5 сәуір, 2021 жыл. AFP суреті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Франция мен Германияның сыртқы істер министрлерімен кездесіп, Ресейдің өзі аннексиялаған Қырымға және Украина шекарасының маңына әскер жұмылдыруына, Мәскеудің Украина шығысындағы "арандату" әрекетіне, және "азғырушы риторикасына" тосқауыл қою мәселсін талқылады. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаменті хабарлады.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан, Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 9 сәуірде жасаған бөлек мәлімдемелерінде шығыс Украинадағы кикілжіңнің ушығу қаупіне байланысты НАТО-дағы одақтастар арасында белсенді консультация өткізуге шақырды.

Украина құрамынан шығатынын жариялаған шығыстағы сепаратистік топтар мен украин әскері арасында 2014 жылғы сәуірден ұрыс жүріп жатыр. Осы аралықта бұл ауданда 13 мыңға жуық адам ажал құжып, миллионнан астам адам үйін тастап қашуға мәжбүр болған.

Киев пен Батыс Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігін бақылауда ұстап отырған, Ресейдің қолдауына сүйенеді деп саналатын сепаратистерді жағдайды ушықтырды деп айыптайды, ал Мәскеу Украинаға кінә артады.

Көп фото және видеоайғаққа қарасақ, Украина шекарасына және Қырымға Ресей қарулы әскері жұмылдырылып жатқанын байқауға болады. Бұл "Мәскеу Украинаға әскер кіргізуі мүмкін" деген қауіпті күшейте түседі. Кремль Батыстың әскерді кері шегіндіру туралы өтінішіне құлақ аспай, ұрыс басталған жағдайда аймақтың бейбіт халқын қорғауға әрекет жасауы мүмкін екенін ескертті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG