Accessibility links

Тегеран ядролық нысанда болған оқиғаны "теракт" деп атады


Ирандағы ядролық нысандардың бірі.
Ирандағы ядролық нысандардың бірі.

Иран билігі Натанздағы ядролық кәсіпорында болған оқиғаны "теракт" деп атады.

Әзірге жерасты ядролық нысанында электр энергиясын сөндіргенін ешкім мойындамады. Associated Press агенттігінің жазуынша, Иран тарабы Израильдің арнайы қызметінен күдіктенген. Израиль ақпарат құралдары Натанздағы ақау жайлы бір-біріне ұқсас хабар таратқан.

Егер оқиғаға Израильдің қатысы бары дәлелденсе, екі ел арасындағы қатынас ушыға түспек.

Жексенбі күні Пентагон басшысы Ллойд Остинді қабылдаған Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль ядролық келісімнің қалпына келуіне жол бермейді деп мәлімдеген.

Associated Press агенттігінің жазуынша, жексенбі күні таңертең болған оқиға жайлы мәлімет аз. Бұрын Иран сыртқы істер министрлігін басқарған Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымның жетекшісі Әли Әкбар Салехи оқиғаны айыптай сөйлеп, қатты-қатты сөздер айтқан. Салехи нақты не болғанын түсіндірмеген, бірақ сөзіне қарап Натанздағы зауытта ірі ақау болғанын аңғаруға болады.

Израильдің Jerusalem Post басылымы бұған дейін де Натанздағы ядролық нысандардың кибершабуылға ұшырағанын еске салады. 2010 жылы Израиль мен АҚШ-тың StuxNet вирустық бағдарламасының көмегімен жүргізген бірлескен операциясының салдарынан мыңнан астам центрифуга істен шыққан.

Былтыр шілде айында Натанздағы уран байытатын кәсіпорыннан өрт шыққан. Тегеран оны "қасақана жасалған әрекет" деп атады. Алайда кінәлілерді атамады. Кейінірек Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымның өкілі Бехруз Камалванди өртке Израилдің қатысы бар болуы мүмкін деп мәлімдеген.

2020 жылы қараша айында Иран Израильді ондаған жыл бұрын Иран ядролық бағдарламасының негізін қалаған ғалымды өлтірді деп айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG