Accessibility links

Бюро: Кенжебек Әбішев түрмеде аштық жариялады


Кенжебек Әбішев сот залында. 2018 жыл.
Кенжебек Әбішев сот залында. 2018 жыл.

Түрмеде отырған "саяси тұтқын" Кенжебек Әбішев аштық жариялады. Бұл туралы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Инга Иманбай Facebook-та хабарлап, Әбішевтің жазған хаттарын жариялады. Инга Иманбайдың айтуынша, арыз-шағымның бір данасын Әбішев бюроға жолдаған.

Түрме бастығына арнап жазылған "Аштық туралы мәлімдеме" және президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған "өлімалды жазба" деп аталатын хатта Әбішев:

  • заңсыз сотталғанын;
  • соттың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін "еш негізсіз" қанағаттандырмағанын және арнайы прокурордың (аты-жөнін көрсеткен) "заңды бұрмалағанын";
  • түрменің қажетті дәрежеде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпей, соның салдарынан жүрек ауруы, тыныс жолы ауруы асқынып кеткенін атап көрсеткен.

"Жалынып-жалбарынатын, жылайтын, сұрайтын жағдайда емеспін. Сондықтан ары қарай өмір сүрудің, тамақ ішудің мәні жоқ. Ештеңе жегім де, емделгім де келмейді. Өлтіргілерің келе ме? Өлтіріңдер! Өмір сүруден шаршадым" деп Әбішев хатын аяқтаған. Хатта автордың торыққаны, күйінгені байқалады. Хаттың соңында 11 сәуір 2021 жыл деп жазылған, автордың қолы қойылған.

Кенжебек Әбішевтің адвокаты Гүлнара Жуаспаева дүйсенбі күні күндіз арнайы прокурормен сөйлесе алмай отырғанын хабарлаған. Азаттық тілшісі арнайы прокурор Азамат Абдулдаевқа хабарласқан кезде ол телефон арқылы түсініктеме бермейтінін айтып, түзету мекемесінің өзіне хабарласуды ұсынды.

Ал Алматы облысы Заречный елді мекеніндегі Кенжебек Әбішев отырған ЛА-155/14 мекемесінің инспекторы Анар Куршанова "біз ондай ақпарат бере алмаймыз" деп жауап берді. Ал колония басшысы Руслан Габибовтің телефонын күні бойы ешкім көтермеді.

Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қазақстандық құқық қорғаушылар Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныған. Ал Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді.

Бір жыл бұрын Қапшағай қалалық соты Кенжебек Әбішевтің жаза мерзімін азайтқан болатын. Сол кезде оның мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазуына болатыны айтылған еді. Содан бері Әбішев ерте босап шығу туралы бірнеше рет өтініш жазған. Бірақ өтініші қанағаттандырылмады.

Бұл бойынша соңғы рет Әбішевтің соты 10 наурызда өткен. Прокурор сотта Әбішевтің экстремистік бап бойынша сотталғанын айтып, ол бап бойынша шартты жаза қарастырылмағанын, тек қылмысты ашуға көмектескендерге жеңілдік жасалатынын айтқан. Ал адвокаттың айтуынша, Әбішев тергеу органдары аты-жөндерін анықтай алмаған адамдарды анықтауға көмектесіп, қылмысты ашуға атсалысқан. Бұған қоса, оның марапаттарын да ескермеген.

Биыл 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Қарарда 28 саяси тұтқынның бірі Кенжебек Әбішевтің де аты аталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG