12 сәуірде бір топ белсенді Қазақстан билігінен азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауын тоқтатуды талап етіп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар кеңсесі алдында наразылық акциясын өткізді.Акцияға онға жуық азаматтық белсенді қатысты.
Олар "экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталып, қамауға алынған Айнұр Мырзалиева, Әлия Жақыпова және Асқар Қайырбектің суретін ұстап, ағылшын тілінде "саяси тұтқындарға бостандық" деген жазуы бар плакаттар көтерді.
Бұл туралы Азаттыққа мәлімдеген азаматтық белсенді Марат Мұсабаевтың айтуынша, олар ЕҚЫҰ төрағасы Анн Линденің Қазақстанға сапарын естіп, мұнда арнайы келген. Олар Қазақстандағы адам құқықтары ахуалын сынайтын Еуропарламент қарарына Нұр-Cұлтанның назар аудармай отырғанын ЕҚЫҰ өкілінің есіне салмақ болдық дейді.
– Бүгін Әлия Жақыпованың соты басталды. Нұр-Сұлтанда тағы ондаған азаматтық белсенді қамауда отыр. Біз оларды босатуды, соттың әділ өтуін талап еттік, – деді ол.
Марат Мұсабаев сол жерде біраз тұрған соң Сарыарқа аудандық әкімдігі мен полиция өкілдері келіп ескерту жасағанын, өздерінің қарсылық танытпай, тарап кеткенін айтты.
Ресми мәліметке қарағанда, ЕҚЫҰ төрағасы, Швеция сыртқы істер министрі Анн Линде Орталық Азия елдеріне ресми сапары аясында Қазақстанға келген.
Еуропарламент биылғы 11 ақпанда Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қарар қабылдап, Қазақстан үкіметін түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Онда Қазақстанда адам құқықтары жиі бұзылып, азаматтық белсенділерге билік тарапынан қысым жасалатыны, кейбірінің қудалау кезінде көз жұмған туралы айтылған. Бірақ Қазақстан билігі Еуропа парламентінің бұл пікірімен келіспейді және елде "саяси тұтқын" жоқ деп санайды.
ПІКІРЛЕР