АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан Америка әскерін әкететінін хабарлады. Сәрсенбі күнгі мәлімдемесінде ол: "Біз Ауғанстанға 20 жыл бұрын жексұрын шабуылдан кейін әскер кіргіздік. Алайда бұл жайт та ол жақта әскер қалдыру себебін түсіндіре алмайды. Мен Ауғанстандағы Америка әскеріне жетекшілік ететін Американың төртінші президентімін және ол жауапкершілікті бесінші президентке тастап кеткім келмейді. Америка тарихындағы ең ұзақ соғыстардың біріне нүкте қоятын мезгіл жетті. Америкалық сарбаздардың үйге қайтатын кезі болды" деді Байден. Оның сөзін CNN телеарнасы таратты.
Америкалық әскери қызметкерлердің соңы Ауғанстаннан 11 қыркүйекке таман кетеді. Reuters-тің жазуынша, АҚШ әскер әкету бойынша сынға да дайын. Кейбір сарапшылар мұны Американың ауған мемлекеттігін қалпына келтіру жолындағы жеңілісі ретінде бағалауы мүмкін. Оған Америкаға одақтас ауған қауіпсіздік күштерінің тиімсіз әрекеті, Ауғанстандағы жаппай жемқорлық, "Талибан" террористік ұйымының салыстырмалы түрде мықтап орнығуы себеп болуы мүмкін.
2011 жылы АҚШ-тың Ауғанстандағы әскері 100 мыңнан асқан, ал қазір шамамен 2,5 мыңды құрайды. НАТО елдерінің әскери контингенті он мыңға жуықтайды.
Ауғанстандағы қақтығыс кезінде 2,5 мыңға жуық америкалық сарбаз қаза болған, ал АҚШ соғысқа шамамен 2 триллион доллар жұмсаған. Бір жағынан, Ауғанстанға әскер кіргізудің негізгі мақсаты орындалған: АҚШ тәліптерді биліктен ығыстырып, оларға одақтас "Әл-Қаида" террористік ұйымының жетекшісі Усама бен Ладен Пәкістанда өлтірілді. Дегенмен екінші жағынан алып қарағанда әр аумақта шашырай орналасса да тәліптердің елдегі ықпалы жойылмады. "Әл-Қаида" мен Талибан арасында байланыс та үзілмеген.
Дональд Трамп әкімшілігі Америка әскерін Ауғанстаннан 2021 жылдың 1 мамырына дейін әкететінін хабарлаған. Ал Джо Байден командасы бұл мерзімді сәл шегеріп, Америка әскерін бірден әкету қауіпсіз емес екенін ескерткен.
Ауғанстанның болашағы бұлыңғыр күйде қалды. АҚШ орталық барлау басқармасының жетекшісі Уильям Бернс сенаторларға әскер әкеткеннен кейін Америка барлау қызметінің мүмкіндігі азаюы мүмкін, бірақ "белгілі бір жиынтығы" сақталып қалады деп мәлімдеді. Кейбір сарапшылар АҚШ әскерінің кетуі ауған қоғамындағы ең әлжуаз топ – балалар, қыздар мен әйелдердің жағдайына қалай әсер етеді деп алаңдап отыр. Бұл әлеуметтік топтар радикалды исламшыл топтардың қысымына жиі ұшырайды.
ПІКІРЛЕР