Ақтөбе облысында былтыр жыл соңында дауға ілінген шошқа фермасының шамамен 70 жұмысшысы құбыр жүйесін жауып тастағанына наразылық білдіріп, аштық жариялады. Бұл туралы Orda.kz сайты хабарлады.
"Опечатано" (Мөр басылған) деген жазуы бар маска таққан ферма қызметкерлері кешенді ашпайынша, ас-сусыз отыратынын ескерткен. Олар облыс билігінен жағдайға араласуын сұрайды. Егер жағдай өзгермесе, аштық акциясының ауқымы кеңейеді дейді жұмысшылар.
Былтыр жыл соңында жергілікті тұрғындар наразылығынан кейін кешенді тексерген прокуратура шошқа фермасының қалдықтары Бестамақ ауылындағы 13,8 гектар алқапты бүлдірген деп қорытынды шығарған еді. Тексеру органдары бұдан соң ферманың құбыр жүйесін бекітіп, мөр басып, суды тоқтатқан. Компания есепшотын бұғаттаған.
"Біз құбыр жүйесін ашып, бізді жалақысыз қалдырмас үшін есепшотты бұғаттаудан босатуды, директорды үйқамақтан босатуды сұраймыз. Бүкіл құжаттардың барлығы директордың қолынан өтеді. Бізде 1 шілдеге дейін ұйғарым болған, бірақ 9 сәуірде сот орындаушылары келіп, бәріне мөр басып кетті. [Облыс] әкімі келіп, жағдайды шешпейінше аштықты жалғастыра береміз" деді шошқа фермасы жұмысшылары.
Сайттың жазуынша, облыс әкімі үйқамақта отырған ферма иесімен келіссөз өткізбекші болған. Бірақ ферма басшысы жергілікті билік ұсынысына көнбеген. Билік өкілдері қосымша есепшот ашып, қызметкерлерге төлейтін жалақыны сол жаққа аударуды ұсынған. Бірақ компания басшылығы биліктен бірінші кезекте құбыр жүйесін ашуды талап еткен.
Былтыр қарашада Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бестамақ ауылының жүз шақты тұрғыны наразылыққа шығып, ауыл іргесіндегі шошқа фермасының жабылуын талап еткен. Жергілікті жұрт ферма жақтан жел тұрғанда, күлімсі иіс тарап, үйден шыға алмай қалатынын айтқан.
Қарай отырыңыз: "Терезені аша алмаймыз". Ауыл тұрғындары шошқа қожалығының жабылуын талап етті (Қараша айы, 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР