Accessibility links

Қордайда 2018 жылдан бері "діни қызмет" ережесін бұзған 9 адамға айыппұл салынған


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Биылғы бірінші тоқсанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Сортөбе ауылының кемінде екі тұрғынына балаларға мемлекеттің рұқсатынсыз Құран үйреткені үшін айыппұл салынған. Бұл жөнінде Forum18 ұйымы хабарлады. Норвегияда орналасқан құқық қорғау ұйымының дерегі бойынша, биыл ақпанда және былтыр желтоқсанда полиция осы ауылдағы үйлерге рейд жүргізген. Екі жағдайда да негізінен Ислам дінін ұстанатын дүнген ұлтының өкілдеріне айып салынған.

Көп сот шешімін саралаған ұйым Қордай аудандық соты 2018 жылдың тамызынан бері әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу" (490-бап) бабы негізінде дүнгендерге қатысты 10 қаулы шығарғанын анықтады. Айыпкерлердің барлығына 50-ден 150-ге дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынған. Қазақстанда биыл бір АЕК 2917 теңге (шамамен 6,7 доллар).

Forum18 ақпараты бойынша, 490-бап бойынша, сотқа тартылғандардың жетеуі – Масанчи ауылының тұрғыны (бір тұрғын 2019 және 2020 жылдары екі мәрте айыппұл арқалаған). 2018 жылы тамызда екі адамға "тіркеуге тұрмастан миссионерлікпен айналысты" деген баппен қоса, "діни рәсімдерді орындау талаптарын бұзу" баптары бойынша айып тағылған.

Ұйым зерттеу кезеңде балаларға Құранды заңсыз үйреткені үшін айып салынған оқиғалардың жартысы Жамбыл облысы Қордай ауданына тиесілі. Ал ауданда 150 мың адам тұрады, бұл Қазақстан халының 1 пайызына да жетпейді. Солардың шамамен үштен бірі – дүнгендер.

Биылғы үш айда Қазақстанда "жергілікті атқару органдары арнайы белгілеген орындардан тыс жерде" діни әдебиетті, діни мазмұндағы кітаптар мен заттарды таратқаны үшін 18 адам сотқа тартылған.

Forum18 ұйымының есептеуінше, Қазақстан билігі діни іс-әрекеті, соның ішінде діни материалдар таратып, дін үйреткені үшін 129 жеке тұлғаның, үш қайырымдылық ұйымының және бір компанияның үстінен кемінде 134 әкімшілік іс қозғаған.

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстанның 2011 жылдан бері жұмыс істейтін дін туралы заңын көп сынға алады. Олардың айтуынша, бұл заңда діни ұйымдарды тіркеу талаптары тым қатал, ал тіркелмеген діни ұйымдар қуғын-сүргінге жиі ұшырайды.

2020 жылғы ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданының негізінен дүнгендер тұратын Масанчи, Бұлар батыр, Ауқатты, Сортөбе ауылдарында ұлтаралық қақтығыс болды, ондаған көлік пен үй өртеніп, мүлік қиратылды. Оқиға кезінде 11 адам қаза болып, жүзден аса адам, соның ішінде 19 полиция қызметкері жарақат алды. Таразда қазір бұл іс бойынша сот жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG