Орталық Азия елдерінде президенттердің ұл-қыздарымен қатар немерелері мен жиендері де түрлі оқиғаларға байланысты көзге түсіп жүр. Олардың кейбірі жанжал тудырған жайларға байланысты шетел ақпарат құралдарында аталса, кейбірін елдегі мемлекеттік БАҚ "сүйкімді" етіп көрсетуге тырысады.
Бұрынғы коммунист президенттер басқаратын Орталық Азия елдерінде басқарушы элита туыстарының лауазымды қызмет атқаруы ешкімді таңғалдырмайды. Алайда 2005 жылы сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың қызы мен ұлы қатар парламент сайлауына түскеннен кейін наразылық туындаған. Соңы "жауқазын революциясына" ұласып, билеуші отбасыны елден кетіріп тынған. Бұл – Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғаннан кейін аймақта болған алғашқы революция еді. Бірнеше президент алмастырған бұл елде сарай немерелері әзірге көзге түсіп үлгерген жоқ. Алайда көрші елдердегі ахуал мүлде басқа.
Соңғы Наурыз мерекесінен бері Орталық Азия елдері президенттерінің немерелері тағы да бірнеше мәрте БАҚ назарына ілікті.
НЕМЕРЕСІ ӘН ЖАЗАДЫ, АТАСЫ ТАМСАНАДЫ
Коронавирус пандемиясын ресми мойындамаған Түркіменстанда Наурыз мерекесі кезінде президент Гурбангулы Бердімұхамедов түскен музыкалық клип таратылды. Онда президенттің үлкен немересі Керімгулы музыкасын жазған "Ақ шаһар Ашғабад" деп аталатын ән шырқалды. Ал бұл әннің сөзін жазған – Гурбангулы Бердімұхамедов.
Ән ел астанасының 140 жылдығына арналады. Соның құрметіне ақалтеке тұқымды құлынға "Ашғабад" деп ат қойылған. Музыкалық клипте осы құлын да бар. Алайда президент пен немересі сөзі мен әуенін жазған бұл әннің Түркіменстанда совет дәуірінде белгілі болған бір әнге ұқсас екені туралы хабар дереу тарап кетті.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов соңғы кезде ұлы Сердарды жыл сайын жаңа қызметке тағайындайды. Бұрын депутат болып үлгерген, аймақ басқарып, кейін министр болған Сердар вице-премьерлікке дейін "өскен". Бұған қоса ол жоғары бақылау палатасының төрағасы болып тағайындалған. Сердар – Керімгулының әкесі. Түркіменстен мемлекеттік арнасы президент Бердімұхамедовтің немересі Керімгулымен бірге жүрген видеоларын жиі жариялап тұрады
Гурбангулы Бердімұхамедов пен Керімгулының видеосы кем дегенде маусым сайын "жаңартылып" тарап отырады. Биылғы жаңа жылдың алдында Түркіменстан президенті Керімгулымен бірге аққала соқты. Кейін оның басқа да немерелерімен бірге жүрген видеолары тарады. Соңғы видеода коронавирусты мойындамаған ел президентінің немерелері маскамен жүр.
"Ақ шаһар Ашғабад" әні Түркіменстан президенті мен немересінің дебюті емес. Мұның алдында, 2018 жылы олар "Спортсүйер Түркіменстан" әнінің сөзі мен әнін жазып, бірге орындаған.
Ал 2020 жылдың жазында Керімгулы атасының "пайғамбар жасы" 63-ке толуы құрметіне президенттің "Түркіменстанның алтын ғасыры" сыйлығының лауреаты атанды. Сонда оған "жаңа туындыларымен ұлттық өнерді байытып, мерекелік шараларда тамаша өнер көрсеткені үшін" алтын алқа және 3500 манат (ресми бағаммен 1000 долларға жетеғабыл) табысталған.
НӘРЕСТЕ ЭМОМАЛИ, БӨБЕК ШАВКАТ ЖӘНЕ ЕКІНШІ ИСЛАМ КАРИМОВ
Наурыз мерекесі кезінде президент Эмомали Рахмонның немересі Анушерванның да аты аталды. Анушерван – Тәжікстан президентінің ұлы, Душанбе мэрі және парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Рустам Эмомалидің баласы. Наурыз көкпарында ол жарысқа қосқан ат үш мәрте жеңіске жеткен. Бұл жарыс – елдегі ірі көкпардың бірі. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, көкпар жеңімпаздары үшін 10 жеңіл көлік, ондаған түйе және басқа да бағалы сыйлықтар тігілді.
Анушерван Рустамның тұлпарлары бұдан бұрынғы түрлі жарыстарда да (оның ішінде халықаралық бәйгелер бар) бірнеше мәрте озған.
Оның "талантты футболшы" екені де айтылады. 2018 жылы Тәжікстан президентінің жүлдесі үшін өткен жасөспірімдер арасындағы футбол жарысында алты голдың бесеуін Анушерван Рустам соққан. Президент Рахмон қатысқан осы жарыс туралы тіпті президенттің ресми сайтында да хабарланған. Онда "президент немересі – талантты футболшы" деген сипаттама қайталана айтылады.
Ал Эмомали Рахмонның қызынан туған үлкен жиені Исмоил Сохибовтың да аты қымбат көліктер, жылдамдықты асыру, араб құмдарындағы сафари және қымбат демалыстарға байланысты жиі аталады. Арасында оның мұқтаж жандарға қайырымдылық жасағаны туралы да хабарланып жатады.
Бірер жыл бұрын Тәжікстан президенті мен Өзбекстан басшысының әулетінде дүниеге келген сәбилерге аталарының аты қойылды. Эмомали Рахмонның ұлы Рустамның 2019 жылы туған екінші ұлына атасының құрметіне – Эмомали, Шавкат Мирзияевтің қызы Саиданың 2020 жылы туған ұлына Шавкат есімі берілген.
Орталық Азияда президент атасымен аттас жиен-немеренің бірі – Ислам Каримов. Ол – Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың түрмеде отырған қызы Гүлнара Каримованың ұлы. Ислам анасы қуғындалғалы бері Лондонда тұрады. Анасына қарсы қозғалған істерді "қолдан жасады" деп есептейтін екінші Ислам Каримов 2018 жылы Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған.
ОТБАСЫНДАҒЫ "ОППОЗИЦИЯ"
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші жиен немересі, қазіргі мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы Айсұлтан да 2020 жылы қайтыс болар алдында Ұлыбританиядан саяси баспана сұрайтынын мәлімдеген.
Оның былтырғы өлімі көп күдіктің туындауына себеп болған.
Ал таяуда Ұлыбританиялық коронер Фиона Уилкокс Айсұлтанның өлімі туралы мәлімдеме жасады. Ол Назарбаевтың жиен немересінің өлімін есірткімен байланыстырған. Коронер тергеудегі куәгерлердің, полиция инспекторларының және психиатрдың осындай тұжырымымен келісетінін айтқан. Уилкокс "Айсұлтан өз ажалынан қайтыс болды деп санаймын; ол есірткіге әуестік салдарынан көз жұмды. Бұл мәселе өлім төңірегіндегі күдіктерді жоққа шығарады" деген.
Тергеу-тексеру қорытындысы Айсұлтанның қанында кокаин мөлшерінің шамадан артық болғанын анықтаған.
Айсұлтан Назарбаев соңғы жылдары елден сыртта жүріп әртүрлі мәлімдемесімен, заңға қарсы әрекеттерімен танылған. 30 жасқа толуына 10 күн қалғанда дүниеден озған Айсұлтан жоғары биліктегі жемқорлықты әшкере ететінін айтып жүретін.
2019 жылы Ұлыбритания соты полицейге қарсы келгені үшін оны шартты жазаға кескен. Сот оны есірткіге тәуелділіктен емделуге де міндеттеген. Айсұлтан соңғы уақытта өз отбасындағы жағдайды жиі сынап жүрді. Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында Назарбаевтар әулетінің араласуымен жалған компаниялар арқылы қаржы жылыстату істері және жемқорлық туралы посттар жариялап тұратын. Қайтыс болар алдында ол тіпті жақын туыстарынан өзіне қатер төніп тұрғанын да айтты.
Айсұлтан Назарбаев былтыр тамызда Лондонда қайтыс болды.
2016 жылы оффшорлық шоттар жөніндегі "Панамагейт" ісінде Айсұлтанның ағасы Нұрәлі Әлиевтің аты аталды. Содан кейін ол астана әкімі орынбасары қызметінен кеткен. Алайда Нұрәлі былтыр Лондондағы қымбат мүліктер дауы кезінде тағы да қоғам назарын аударған. Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі Нұрәлі Әлиев пен оның анасы Дариға Назарбаеваға тиесілі деген екі зәулім үйді және қымбат пәтерді бұғаттап тастаған. Кейін Назарбаева мен Әлиев Лондон сотына жүгініп, сот бұғаттау шешімінің күшін жойған.
Орталық Азия елдерінде әдетте, басшылардың әулеті туралы мәліметті жарияламауға тырысады. Алайда авторитарлы басшылар жоғарғы билікте неғұрлым ұзақ кідірген сайын олардың әулеті де соғұрлым көзге жиі түседі.
"НЕМЕРЕ ФАКТОРЫ" ПРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ ТАРИХТАН САБАҚ АЛМАҒАНЫН КӨРСЕТЕДІ
– Орталық Азияда президент немерелерінің жиі аталуы әртүрлі топшылаудың туындауына себеп болады. Егер басшылар немересін өз орнына әзірлеп жүр деп есептесек, олардың әрекеті жақсылыққа апармайды. Орталық Азиядағы "немере факторы" президенттердің тарихтан сабақ алмағанын көрсетеді. Аймақ тарихында билікті әкеден балаға тапсырудың арты ешқашан жақсылыққа жеткізген емес, – дейді саясаттанушы Қазбек Бейсебаев. – Кезінде Өзбекстан президенті Ислам Каримов әулет мүшелерін билікке жолатпауға тырысты. Сол үшін де оны кейбіреулер бүгінде ілтипатпен еске алып жатады. Немерелерімен бірге көп алдына жиі шығатын немесе әулетін жоғары билікке тартатын президенттер халықпен санасуы керек, немесе кем дегенде көпшілікті сыйлауы керек деп есептеймін.
ПІКІРЛЕР