Таулы Қарабақта ресейлік бітімгер сарбаздар отырған көлік минаға түсіп, жарылды. Екі адам жараланған. Бұл туралы өзін республика жариялаған Таулы Қарабақ билігінің ішкі істер министрлігіне сүйенген Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.
Оқиға 25 сәуірде болған. Жараланған бітімгер сарбаздар ауруханаға жатқызылған. Олардың өміріне қауіп жоқ деп айтылады. Көліктің жарылуына байланысты жақында соғыста қаза тапқандардың мәйітін іздеу жұмыстары тоқтатылған.
Былтыр Таулы Қарабақта соғыс 27 қыркүйек пен 9 қараша аралағында қайта жанданған. Ресей, Әзербайжан және Армения басшылары 9 қарашада Таулы Қарабақта атысты толық тоқтату туралы ортақ мәлімдемеге қол қойған.
Таулы Қарабақта шамамен екі мың ресейлік бітімгер сарбаз бар. Олардың негізгі бөлігі орталық әскери округтың 15-мотоатқыштар бригадасы бөлімінен құралған.
ПІКІРЛЕР