Accessibility links

СҚО-да бостандығы шектелген белсендіні түрмеге жіберу мәселесі қаралып жатыр


Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан өзі жұмыс істеген Старобелкадағы мектепте тұр. Петропавл қаласы Ғабит Мүсірепов ауданы Старобелка ауылы. 14 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан өзі жұмыс істеген Старобелкадағы мектепте тұр. Петропавл қаласы Ғабит Мүсірепов ауданы Старобелка ауылы. 14 ақпан 2020 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов аудандық сотында "тыйым салынған ұйымдарды қолдағаны үшін" бостандығы шектелген белсенді Нұрбол Өнерханның жазасын түрме жазасына ауыстыру мәселесі қарала бастады. Шағым иесі – жергілікті пробациялық бақылау қызметі белсендіні жазаны орындау шарттарын бұзды деп айыптап отыр. Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы 28 сәуірде сағат 16.00-де онлайн форматта өтті.

Сот барысында Нұрбол Өнерхан мемлекет ұсынған заңгерден бас тартып, жаңа адвокаттың іспен толық танысуы үшін сот отырысын кейінге ауыстыруды өтінді. Осылайша сот отырысы 4 мамыр күні сағат 15:30-ға ауыстырылды.

Желінің нашарлығына байланысты келесіде сот онлайн форматта емес, сот залында өтетін болды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде сабақ берген 27 жастағы Нұрбол Өнерхан елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "идеологиялық және заңға қарсы әрекеттерін әлеуметтік желіде қолдады" және "Көше партиясы" қызметіне араласты" деп айыпталған. Былтыр қараша айында сот оның бостандығын бір жылға шектеген. Бұған қоса, Өнерханды екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына және ғаламтор желісінде жазба жариялауға, митингіге қатысуына тыйым салған. Бұған дейін белсенді "ҚДТ-ны қолдайтынын, бірақ қозғалысқа мүше емес" екенін айтқан болатын.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарын Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдайтындарды жиі қудалап, сотқа тартады. Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ҚДТ мен "Көше партиясының" ісіне араласты деп айыпталған немесе күдікке ілінгендердің саны 300-ден асып жығылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG