Полиция Алматыдағы Орталық саябақ маңында адамдарды ұстап жатыр. Азаттық тілшісі кемінде бес адамның ұсталған сәтіне куә болды. Олар шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов билікке қарсы митинг өтеді деп белгілеген саябақ маңына жергілікті уақытпен сағат 13 кезінде келген.
Ұсталғанға дейін бұл адамдар ұранын айтып үлгерді. Олар саяси тұтқындарды босатуды, 11 ақпанда Еуропарламент қабылдаған Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі қарарды орындауды, бағаның өсуін бақылауды және "мәжбүрлеп екпе салуды" тоқтатуды талап етті. Оларды полиция қызметкерлері ұстап, дайын тұрған автозактарға салып әкетті.
Саябаққа жақын маңдағы көшелерде де адамдарды ұстаған. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, полицейлер саябаққа бара жатқан адамдарды тоқтатып, ол жаққа жібермей жатыр.
Орталық саябақтың өзі жабық тұр, әкімшілік онда бүгін "дезинфекция" жүргізілетінін хабарлаған. Қоғамдық көлік бағыттары өзгерген: автобус, троллейбустар саябақ маңына жақын бармай жатыр. Қала әкімдігі осы күні "троллейбус линиялары мен кабель желілерінде жөндеу жүретінін" ескерткен.
Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, саябақ маңайындағы жолдарда бірнеше автозак тұрғаны байқалады. Саябақта және оның маңайында ауданда мобильді интернет істемей тұр.
Шымкентте митинг өтеді деп белгіленген "Қиял әлемі" саябағының маңында төрт адам ұсталды. Полицейлер мен жай киімдегі адамдар Азаттық тілшісіне жұртты не себепті ұстап жатқанын түсіндірмеді.
Белгісіз адамдар Азаттық тілшісінің адамдарды ұстау кезін видеоға түсіруіне кедергі жасады.
Шымкенттік белсенді Мұрат Әштаев таңертеңнен бері үйінің алдында полицейлер тұрғанын хабарлады.
Бірнеше қалада Әблязов "митинг орны" деп көрсеткен жерлерге баратын жол жабылды. Астанада теннис федерациясы ғимараты маңындағы жолдар жабылып, жұмысшылар жолға белгі салып жатыр, қасында полиция күзеті тұр. Маңында митинг өтеді деген Ақтөбедегі Орталық базарда "санитарлық күн" жарияланып, сауда орны жабылып қалды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жұмысшылар базарды дезинфекциялап, шарбақты бояп жатыр, маңында полицейлер жүр.
Митинг қарсаңында аймақтарда белсенділер қамалды. Бірнеше белсенді бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік қамауға алынды. Наразылық жиыны белгіленген күннің қарсаңында белсенділерді аңдып, қамау жиілеп кетеді.
ПІКІРЛЕР