Қазақстанда коронавирусқа қарсы "Спутник V" екпесінің екі дозасын салудың арасындағы үзіліс ұзарды. Бұрын вакцинаның екінші компоненті біріншісін салғаннан кейінгі 21-күні егілетін, енді бұл үзіліс 45-күнге дейін ұлғайды, екі доза арасындағы ең көп айырма 90 күнге дейін жетуіне рұқсат берілді. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов 30 сәуірде Ресейде әзірленген вакцинамен халықты иммунизациялау графигі жөніндегі қаулыға осындай өзгеріс енгізді.
"45-күні екінші компонентпен вакцина салу мүмкін болмаған жағдайда (демалыс не мереке күндеріне сәйкес келсе не басқа жерге кетсе), екпені 90 күннің ішінде салуға болады. Вакциналау графигіне қатысты мұндай ұстаным профессор, Ресей ғылым академиясының академигі, Ресейдің Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми зерттеу институтының директоры Александр Гинзбургтың 22 сәуірдегі ресми мәлімдемесіне негізделген" деді Ерлан Қиясов.
Оның айтуынша, екі екпе арасындағы үзілістің ұзаруы ағзаның иммундық реакциясының күшіне әсер етпейді, есесіне халыққа вакцина салу процесін тездетеді.
Санитар дәрігердің айтуынша, эпидемия ахуалын ескерсек, елде "бұл инфекцияға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен неғұрлым көп халықты қорғау қажеттігі" туып тұр, сондықтан денсаулық сақтау министрлігі Гинзбургтың көзқарасын негізге ала отырып, "Спутник V" вакцинасының екі дозасының арасындағы үзілісті ұзарту жөнінде ұйғарымға келген.
Ал Instagram-дағы Medsupportkz тәуелсіз ғылыми-медициналық қауымдастық парақшасында мынадай мәлімдеме жарияланды:
"Коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет орта есеппен екінші доза салынғаннан екі аптадан соң пайда болады. Осы аралықта ауырып қалмау үшін пациент иммундық қорғаныш пайда болғанға дейін барлық сақтық шараларын орындауы тиіс" делінген қауымдастықтың мәлімдемсінде.
Олардың айтуынша, "вакциналаудың қазіргі қарқыны сақталса, сақтық шараларын орындамаған жағдайда екінші дозаны алғанға дейін Covid-19 жұқтыру қаупі арта түседі".
Медицина қауымдастығының айтуынша, вакцина әзірлеушінің аралықты ұзарту туралы ұсынысы "нақты зерттеулермен бекітілмеген". Medsupportkz бас санитар дәрігерден вакциналаудың жаңа ережелері қандай негізге сүйеніп жасалғанын және бұл халыққа Covid-ке қарсы екпе салуды қалай жеделдетінін сұрады.
Әзірге бұл мәлімдемеге ресми органдар жауап берген жоқ.
Қазақстанда тұрғындарға жаппай екпе салу науқаны ақпанда басталған. Қоғам да, президент те науқанның баяу жүріп жатқанын айтып, үкіметті сынға алған. Соңғы күндері вакцина салу науқаны шапшаңдай бастады. 30 сәуірдегі ресми мәлімет бойынша, вакцинаның бірінші компоненті 1,3 миллион адамға, ал екінші компоненті 266 мың адамға салынған.
Қазір елде Ресейде әзірленіп, Қарағандыда шығарылған "Спутник V" және отандық QazVac вакциналары салынып жатыр. 30 сәуірде денсаулық министрі Алексей Цой Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасы да жақын арада аймақтарға жіберілетінін айтты.
ПІКІРЛЕР