Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасында жағдай неге ушықты? Сарапшымен сұхбат


Тәжікстан тұрғыны қираған үйінің жанында тұр. Тәжікстанның Сомониён ауылы. 2 мамыр 2021 жыл.
Тәжікстан тұрғыны қираған үйінің жанында тұр. Тәжікстанның Сомониён ауылы. 2 мамыр 2021 жыл.

Орталық Азия бойынша сарапшы, Техас университетінің профессоры Эдвард Лемон Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында қырғыз-тәжік шекарасында ондаған адамның өмірін алған қақтығыстың себептері мен тараптардың оқиғадан қандай сабақ алуы керегін айтты.

Азаттық: Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында бұған дейін де қақтығыстар болған. Бірақ бұл жолы жағдайдың ушығып кетуіне не себеп болды?

Эдвард Лемон
Эдвард Лемон

Эдвард Лемон: Қақтығыстар ішіндегі ең ауыры осы оқиға болса керек. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында оқтын-оқтын қақтығыстар болып тұрғанын білеміз. Жергілікті тұрғындар бір-біріне тас лақтырып, кейде екі жақтың шекарашылары атысқан да жағдай болды. Бұл жолы екі тараптың оқиға туралы мәліметтері әртүрлі. Бірақ біз миномет пен басқа да ауыр әскери техника қолданылып, соның салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын білеміз. Жағдай ушықты.

Бұл оқиғаның тамыры бірнеше күрделі мәселеден тарайды. Шекара нақтыланбаған. СССР тараған кезден бері шекара мәселесін шеше бастағанда екі жақта да түрлі өсек-аяң тарады. Тәжікстанда "Ворух анклавы басқа жерге айырбасталады екен" деген әңгіме шықты. Бірнеше апта бұрын [Тәжікстан президенті Эмомали] Рахмон бұл жорамалды жоққа шығару үшін Ворухқа барды. Кейінгі қақтығыс су тарту орталығына байланысты түсініспеушіліктен туындады. Бірақ жағдай жылдам ушықты.

Тәжік тарабы көп ақпарат бермейді. Мысалы, қақтығыстан Тәжікстанның қанша азаматы қаза тапқаны немесе зардап шеккені әлі белгісіз. Азаттықтың Тәжік қызметі олардың санын анықтауға тырысып жатыр. Қолда бар дәлелдерге сүйене отырып, "тәжік тарапының жағдайдың ушығатынын болжағанын" айтуға болады. Дегенмен мұның жоспарланған-жоспарланбағанын нақты айту қиын. Жуырда Рахмонның шекара маңындағы аумаққа барғаны белгілі болды. Ал шекара қызметін бақылайтын Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік мемкомитетінің төрағасы Ятимов бұл аймаққа бірнеше рет барған.

Тәжікстанда кей адамдар журналистерге елде Қырғызстанмен қақтығыс болатыны бірнеше апта бойы айтылғанын хабарлаған. Басқа да дәлелдер негізінде бұл қақтығысқа қатысы бар кей адамдардың қырғыз шекарасына жуырда ғана барғанын айтуға болады. Сондықтан "тәжік тарабы ең кемі жағдайдың ушығатынын болжағанына, жуырдағы операцияны өткізіп, жағдайды пайдаланғанына" біраз дәлел бар.

Азаттық: Мемлекетте биліктің ауысуы көршілес елдермен ұзаққа созылған мәселелерді шешуге септесуі мүмкін. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Өзбекстан билігінің ауысуы Қырғызстанмен шекарадағы жағдайды шешуді ілгерілетті. Қырғызстанның жаңа билігі мен Тәжікстан билігі неліктен шекарадағы қақтығыстың алдын ала алмады?

Эдвард Лемон: Өзіңіз айтқандай, Қырғызстан президенті енді ғана жұмысқа кірісті. Садыр Жапаров - популист және ұлтшыл риторикасымен танылған адам. Бірақ оның кейінгі әрекеттеріне мұндай сипаттама келіңкіремейді. Ресми түрде алсақ, екі президент те жағдайдың ушықпауы үшін ресми түрде шара қолданды.

Меніңше, шекарадағы мәселені шешудің нақты уақытын белгілеу әрекеттері жергілікті тұрғындар арасында шиеленіс туғызды. "Мұның нәтижесі қандай болады? Кім жеңеді, кім жеңіледі?" деген сұрақтар қойыла бастады. Менің ойымша, шекарадағы мәселені шешу және келіссөздерді алға жылжыту талпынысы шиеленісті жылдам ушықтырды.

Айтып өткенімдей, жағдайдың алдын алуға тәжік тарапының ерік-жігері жетпеді. Себебі олар үшін бұл болжамды оқиға болды және келіссөздер қайта жанданған кезден бастап қауіпсіздік қызметтері әрекетін жоспарлағанға ұқсайды.

Азаттық: Қырғызстан билігі өкілдерінің, әсіресе, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиевтің сөзінен кейін қырғыз-тәжік шекара мәселесінде шиеленіс байқалғаны хабарланды. Сіздің ойыңызша, Қырғызстан үкіметі жағдайдың ушығуына айтарлықтай назар аударды ма? Жағдайды тұрақтандыру әрекеттерін жасады ма? Бұдан бөлек, Тәжікстан билігі жағдайды бейбіт жолмен шешуге мүдделі болды ма?

Эдвард Лемон: Қамшыбек Тәшиев — арандатушы саясаткер. Өткен өміріне қарап, оны агрессивті адам деп сипаттауға болады. Оның арандату сөздерін айтты. Мұндай мәлімдемелер мәселені шешуге септеспейді.

Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Ятимовтің де бұл қызметте отырғанына 10 жылдан асты. Тәжікстандағы билікті келесі ізбасарға беру сценарийінде оның да өз рөлі бар.

Жағдайдың ушығуына кімнің себеп болғанын айту қиын. Бірақ осы екі адамның тіл табыса алмауы жағдайдың ушығуына әсер етті.

Мақсат ауылының тұрғыны қираған үйінде тұр. Қырғызстан, 2 мамыр 2021 жыл.
Мақсат ауылының тұрғыны қираған үйінде тұр. Қырғызстан, 2 мамыр 2021 жыл.

Азаттық: Жуырда Тәжікстан президенті Рахмонның Ворух анклавына барғаны белгілі, ал Қамшыбек Тәшиев бұл анклавты басқа жер учаскесіне айырбастауды ұсынды. Қырғыз-тәжік шекарасындағы даулы мәселені шешудің қандай бейбіт жолы бар?

Эдвард Лемон: Бұл – қиын сұрақ. Шекарадағы шиеленіс ұзақ жыл бойы сақталып келеді. Мадлин Риз секілді зерттеушілер шекарадағы қауіпсіздікті бақылауды күшейту кері нәтиже бергенін және совет кезінде бейбіт өмір сүрген адамдардың арасында алауыздықты арттырғанын айтады. Осы жолы қайғылы жағдайға шекарашылардың араласуы да жағдайды тұрақсыздандырып жіберді.

Шекара бойынша келіссөздерде жергілікті тұрғындар құлақ асатын адамдарды тарту екі жақтың қауіпсіздік қызметінің сөздерін емес, халық қажетін басты назарға шығаруға көмектеседі және мәселені шешуге септесе алады. Өкінішке қарай, кешегі қайғылы жағдай, әсіресе, қырғыз тарапында 12 жастағы қыздың өлімі көбін ызаландырды. Тәжікстандағы әлеуметтік желіде де ұлтшылдық пен текетіреске үндейтін риторика пайда болды.

Әрі қарай не болатынын айту қиын. Әскер кеткен соң, бейбіт кезең басталады деп үміттенеміз. Бірақ, шиеленіс қалады. Жарақат тез жазылмайды.

Азаттық: Шекарадағы шиеленістерге есірткі тасымалы немесе басқа да күштердің ықпалы бар деп айтылды. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров кейінгі мәлімдемесінде "арандатушы әрекеттер" туралы да айтып қалды. Шекарадағы қақтығыстарға басқа да күштердің қатысы бар деп айтуға бола ма?

Эдвард Лемон: Қазір бұл туралы айту қиын. Тәжік тарапынан әлі де ақпарат аз. Тәжікстан үкіметі ақпараттың тәуелсіз таралу жолдарын қатаң шектеп отыр. Журналистер ұсталып жатыр, оларға оқиға туралы ақпарат беруге тыйым салынды. Сондықтан не болып жатқаны туралы тәжік тарапынан ақпарат алу қиын. Меніңше, қырғыз тарапынан да солай болған сияқты.

Екі жақтан да түрлі өсек пен бір-біріне кереғар ақпарат тарап жатыр. Сондықтан қазір қандай да бір қылмыс топтары секілді үшінші тараптың қатысы бар деп айту қиын.

Есірткі тасымалы мен контрабанданы ескерсек, олардың ықпалы болуы мүмкін. Бірақ нақты айтуға әлі ерте. Бұл сұрақтың жауабын білмей кетуіміз де мүмкін.

Тәжікстанның Исфара облысы Сомониён ауылындағы қираған үй. 2 мамыр 2021 жыл.
Тәжікстанның Исфара облысы Сомониён ауылындағы қираған үй. 2 мамыр 2021 жыл.

Азаттық: Себептер мен мүдделер қандай болмасын, осы қақтығыста екі жақтан да адам өлді. Оқиғаның кесірінен қарапайым азаматтар жапа шегіп жатыр. Сіздің пікіріңізше, екі тарап бұл оқиғадан қандай сабақ алуы керек?

Эдвард Лемон: Өзіңіз айтқандай, бұл жерде жапа шеккен – жергілікті халық. Қаза тапқандар саны артып жатыр. Өз үйін тастауға мәжбүр болғандар саны да көп. Бұл қақтығыс бұрынғы жанжалдардан сонысымен де ерекшеленеді. Қаза тапқан әскерилердің де жастар екенін көріп отырмыз. Бұл қақтығыс жастардың өмірін қиюға тұрмайды.

Аймақтық қақтығыстарда жергілікті халық көп зардап шегеді. Олар бейбіт өмір сүруге, су және жайылым секілді шекара мәселелерінің шешілгеніне мүдделі. Олардың шекараны нақтылауға және келіссөздерге араласқаны маңызды.

Видео: Шекарадағы атыстан зардап шеккен қырғыз ауылы. Қаңыраған үйлер, тауға қашқан жұрт

Шекарадағы атыстан зардап шеккен қырғыз ауылы. Қаңыраған үйлер, тауға қашқан жұрт
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:32 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG