Accessibility links

Қырғызстанда шекарадағы жанжал кезінде бес жасар бала мерт болған


Мақсат ауылында өртенген үйлердің бірі. Баткен облысы, Қырғызстан.
Мақсат ауылында өртенген үйлердің бірі. Баткен облысы, Қырғызстан.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыс кезінде қаза болғандар 36 адамға жетті. Дүйсенбі, 3 мамырда Қырғызстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанжал кезінде бес жасар бала мен Мақсат ауылының бір тұрғыны қаза болғанын хабарлады. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, тұрғынның мәйіті өртенген үйлердің бірінен табылған.

Бұған дейін милиция Арқа-2 ауылында бес жасар баланың қаза болғаны жайлы ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлаған.

Баткен облысы ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Дамира Юсупованың Азаттық тілшісіне айтуынша, 29 сәуірде тәжік жағынан оқ атылған кезде ауыл тұрғындары оқиға орнынан қашуға тырысқан. Осы кезде 5 жасар Абидин Турсунбаев каналға түсіп кеткен, соның нәтижесінде мерт болған.

28-30 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болған. Тәжік билігі қанша адамның зардап шеккенін хабарламады. Азаттықтың Тәжік қызметі 16 адамның қаза болғанын жазды.

Қақтығыстың салдарынан Қырғызстанның Баткен облысында 78 үй, екі мектеп, фельдшер-акушерлік пункт, үш шекара бекеті, балабақша, он жанар-жағармай станциясы, милиция бөлімшелері, сегіз дүкен өртеніп кеткен. Тәжік билігі қандай да бір нысандардың бүлінгені жайлы ақпарат таратпады, алайда зардап шеккен ауылдарға барған тілшілер Ходжаи Ало ауылындағы бүлінген және өртенген ғимараттардың суретін жариялады.

1 мамырда Баткен облысында екі ел үкіметтерінің делегациясы делимитация және демаркация мәселелері бойынша келіссөз өткізді, кездесу кезінде тараптар атысты толық тоқтату және шекарадан әскер әкету туралы келісімге келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG