Будапешт қаласында Қытай университетін салу бастамасы Пекиннің Венгрияға деген ықпалына алаңдаушылық тудырып, премьер-министр Виктор Орбанның Қытаймен тығыз байланысы жұрт назарына қайта түсті.
27 сәуірде Венгрия Фудан университетімен 2024 жылға қарай Будапеште кампус ашу туралы стратегиялық келісімге қол қойды. Осылайша Еуроодақ аумағында алғаш рет Қытай университеті пайда болмақ. Шанхайлық университет үшін де бұл – шетелдегі бірінші өкілдік. Орбан үкіметі бұл шешім Венгриядағы жоғары білім стандарттарын көтереді деп отыр.
Бірақ жобаның ашық болмауы және венгр үкіметінің ол үшін Қытайдан ірі көлемде несие алу жоспары дау туғызды.
"Үкімет жоба туралы егжей-тегжей ақпарат бермейінше, келіссөз жүргізетін дәнеңе жоқ. Бұл біздің қытай университетін салуға келісім бермейтінімізді білдіреді", дейді Будапешт мэрі Гергей Карачонь Азаттыққа.
Карачонь – жобаны ең қатты сынап отырғандардың бірі. Ол жоспардағы оқу орнын салу салық төлеушілерге негізсіз салмақ түсіретінін, үкіметтің Будапеште Фудан университет салу жөніндегі келісімнің шарттарын ашпай отырғанын айтады.
Сәуірдің басында Direkt36 венгр басылымы осы келісімге қатысы бар құжаттарды қолға түсірген. Онда қытай университетінің құрылысы 1,8 миллиард доллар тұратыны айтылған. Бұл Венгрияның 2019 жылы жоғары білімге бөлген бюджетінен асып түседі.
Билік жобаның 20 пайызын орталық бюджеттен қаржыландырмақ. Қалған 1,5 миллиард долларды қытай банкінен қарызға алмақ. Құжаттарға қарағанда, құрылысқа қытай материалдары мен жұмыс күші тартылмақ. Ақшасы мол құрылыс контрактісіне әлемдегі ең ірі құрылыс компаниясы Қытай мемлекеттік құрылыс-инженерлік корпорациясы таласпақ.
Үкімет Фудан университетін салғысы келетін жер бұған дейін студент қалашығы болады деп жоспарланған. Венгр студенттеріне арналған бұл қалашықта жатақхана мен өзге де ғимараттар салынбақ еді.
Қала мэрінің сөзінше, үкімет жергілікті биліктің бұл жобасын ысырып қойып, өз дегенін істеуге көшкен. Карачонь бұған қарсылық ретінде қала шенеуніктерімен бірігіп, университет құрылысын тоқтату үшін референдум өткізуді жоспарлағанын айтады.
"[Стратегиялық серіктестік туралы келісім] Қытайға үлкен ғимараттарды [тегін] бермек. Бұл Қытай компанияларының Еуропада тамыр жаюына септеседі", дейді Карачонь.
Қытайдың Венгрияға деген ықпалы 2010 жылы Орбан билікке оралғаннан кейін күшейді. Қызметке келе сала ол "Шығысқа ашылу" саясатын бастап, инвестиция тарту үшін Пекин мен Мәскеуге қайрыла бастады. Үкімет ғаламдық қаржы дағдарысынан осылай шықпақ болды. Ал мына Будапеште қытай университетін салу келісімі осы Қытаймен жақындасудың ең кейінгі көрінісі болып отыр.
Венгрия мен Орталық Еуропаға қытай инвестициясы баяу келіп жатқанда, Орбан көп жыл бойы Пекинмен тығыз байланыс орнатып жүрді.
29 сәуірде Орбанмен телефон арқылы сөйлескен Қытай президенті Си Цзиньпин ұлтшыл басшыны Пекинге деген достық саясаты үшін және пандемия кезінде сеірктестікті тереңдеткені үшін мақтап, Пекинге шақырды.
"Венгрия – Қытайдың Орталық Еуропадағы қарым-қатынасының негізі және солай болып қала береді. Бұл негіз пандемия кезінде күшейе түсті. Қытай үшін Венгрия – Еуропаға кіретін қақпа", дейді Карнеги қорының бас қызметкері Пол Стронски Азаттыққа.
ВЕНГРИЯ "ЕКІ ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА" ҚАЛДЫ
Пекинге достық лебіз білдіріп, сөйте тұра Батыс одақтастарының сенімінен шыға білген Венгрия осы күнге дейін сыртқы саясатында тепе-теңдікті жақсы ұстап келген. Бірақ пандемия кезінде бұл тепе-теңдікті ұстап тұру қиынға түсті.
Орбанның қытай университетін ашу туралы шешімі Вашингтон мен НАТО-дағы одақтастардың алаңдаушылығын тудырды.
"Еуропада Фудан университетінің алғашқы кампусын ашу жоспары алаңдатып отыр. Өйткені Пекиннің жоғары білім институттарын ықпалға қол жеткізіп, интеллектуалды еркіндікті шектеу үшін қолданатыны мәлім" деді АҚШ-тың Будапештегі елшілігі Magyar Hang венгр басылымына айтқан мәлімдемесінде.
Венгр үкіметі Пекинге талпынған сайын Еуроодақпен қатынасы ушыға түсті.
Наурызда Еуроодақ Қытайда Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына байланысты санкция салғанда, Венрияның сыртқы істер министрі Петер Сийарто бұл шешімді "мәнсіз, өзін ұлықтау және зиянды" әрекет деп атады.
Бірнеше күннен кейін Қытай қорғаныс министрі Вэй Фэнхэ Будапештке сапарында Еуроодақтың санкциясын айыптап, Венгрияның бітімгерлік амалын мақтады және "Қытай Венгрияны үнемі жақсы бауыр санайтынын" айтты.
Будапешт Еуроодақтың Гонконгтегі қауіпсіздік туралы жаңа заңын сынаған мәлімдемесін де мойындамады. Осылайша Еуроодақ адам құқықтарының бұзылуына қарсы АҚШ пен Ұлыбританияны қолдай алмады.
Венгрия сондай-ақ Еуроодақ ішінде Huawei секілді 5G мобильді байланысын жеткізушілер туындатқан қауіпсіздік проблемаларын мойындамаған жалғыз мемлекет болып отыр. Будапеште тіпті Huawei өндіріс базасы мен осы компанияның жаңа ғылыми зерттеу орталығы да бар.
Венгрияның оппозиция саясаткерлері қарыз проблемасы мен оқу орнында академиялық еркіндіктің болмайтынын айтып, Фудан университеті қалашығына қатысты алаңдаушылық білдірді.
Азаттық сөйлескен Еуропарламент мүшесі Каталин Чех Еуроодақтың сыртқы саясат басшысы Жозеп Борреллаға жүгініп, одан төніп тұрған қауіпке байланысты университет құрылысын тоқтатуды сұрағанын айтты.
"Пекинге Еуроодақта "Троя жылқысы" керек және венгр үкіметі өз еркімен сол рөлді алып отыр. Елдің Еуроодақтың немесе өз елінің мүддесін Қытай мүддесінен де жоғары қоюы үлкен қауіп" дейді Чех.
"БҰЛ ҚЫТАЙДЫҢ ЕМЕС, ВЕНГРИЯНЫҢ ИДЕЯСЫ"
Будапештегі Корвин университетінің доценті, Азиядағы Орталық және Шығыс Еуропа зерттеу орталығының негізін қалаған Тамас Матураның айтуынша, бұл қадамды елеулі саяси ойысу деп емес, Пекинге саяси ишара білдіру деп қабылдау керек. Сарапшының сөзінше, бұл Венгрия үшін Еуроодақпен ұтымды саудаласу тетігі болып отыр.
"Орбанның Еуроодақпен күресіне Қытай секілді "үлкен аға" керек" дейді Матура Азаттыққа.
Орбан Венгриядағы "либерал емес демократияны" қорғайды және сәуір айында Freedom House баяндамасында Венгрия "кейінгі он жылда демократиялық жағдайы нашарлаған" елдер қатарынан көрінді.
Орбан Венгрияда "бейлиберал демократия" болғанын қалайды. Ал адам құқығы жөніндегі Freedom House ұйымы сәуірде жарық көрген баяндамасында Будапешті ерекшелеп, онда "кейінгі он жылда демократия салыстыруға келмейтін деңгейге құлдырады" деді.
Сонымен қатар Орбанның "Фидес" партиясы Еуроодақ парламентіндегі Еуропалық халықтық партиясынан шығарылды.
Венгрия мен Еуроодақ заң үстемдігі мен одақ қаражатын теріс пайдалану жөнінде дауласып жатқанда, Матура секілді сарапшылар Орбанның Қытаймен қарым-қатынасын ішкі саясатта пайдаланып жатқанын айтады.
"Бұл идеялардың ешбірі Қытайдан келіп отырған жоқ. Оның бәрін Венгрияның өзі істеп отыр. Бірақ әрине, Пекин мұны құп көреді", дейді Матура.
2020 жылы Венгрия Пекиннен Будапешті Сербия астанасы Белградпен байланыстыратын темір жол құрылысына 20 жылға 1,9 миллиард доллар қарыз алды. Бұл жоба ашықтықтың болмауынан дауға ұласты.
2020 жылғы сәуірде венгр парламенті үкіметке пандемиямен күресуге төтенше өкілеттік беруге дауыс берді және темір жол жобасы туралы ақпараттың бүге-шүгесін, оның ішінде экономикалық пайдасын жасыруды қолдады. Мұның Қытай экспорт-импорт банкінен несие алу үшін қажет екені айтылды.
Елдегі кей сыншылар жобаның пайдасына күмәнданды және құрылыс жұмысына байланысты келісімшарттың Орбанның бала күнгі досы, Венгриядағы ең бай адам Лоринка Месзаросқа өтуіне алаңдады.
Орбанның Пекинмен тығыз байланысы тек бір жағдайда ғана оған оң ықпал етті.
Венгрияда Қытайды қоғамдық қолдау коронавирус пандемиясы басталғанда төмендегенімен, Будапештің қытай вакцинасын пайдалануы вируспен күреске септесті.
Венгрия Еуроодақ арқылы BioNTech/Pfizer, Moderna және AstraZeneca вакциналарына тапсырыс берді. Сонымен қатар Еуроодақта алғаш болып Қытай мен Ресей вакцинасын да мақұлдады.
2022 жылғы парламент сайлауы алдында қолдауға ие болуға үмітті популист Орбан үшін бұл қадам өзін-өзі ақтады.
Венгрия 2 мамырдағы жағдай бойынша халқының 21,5 пайызына вакцина салды. Бұл Еуроодақтағы орташа көрсеткіштен екі есе көп. Осылайша елде коронавирус шектеулері жеңілдей бастады.
"Венгр үкіметі бұған қанағаттануы мүмкін. Олар Пекинмен байланыс пандемиямен күресте және келер жылдағы сайлау қарсаңында өзін-өзі ақтағанына сенім" деді Матура.
ВЕНГРИЯНЫҢ ҚЫТАЙДЫ ҚОЛДАУ САЯСАТЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?
Сарапшылар Орбан үкіметінің Пекинмен байланысын Венгрияның ішкі саясатындағы өзгерістерден бөліп-жару қиын екенін айтады.
Фудан университетімен жасалған стратегиялық келісім венгр университеттерін басқару өзгерісімен тұспа-тұс келді. Бұл өзгеріс мемлекет активтерін премьер-министрдің жақындарына үлестіріп қана қоймай, Орбан мен оның жақтастарына елдегі мемлекеттік білім беруді бақылауға мүмкіндік береді.
Фудан университеті туралы мәлімдеме миллиардер Джорд Сорос негізін қалаған және Венгрияның алдыңғы қатарлы институты болған Орталық Еуропа университеті елден қуылған соң жасалып отыр. 2018 жылы жоғары білім туралы заңға енгізілген өзгерістер тікелей осы университетке бағытталғаны айтылды.
2020 жылғы қазанда Еуропа соты университетке қарсы әрекет Венгрияның Дүниежүзілік сауда ұйымы алдындағы міндеттемесін бұзатынын және Еуроодақтың академиялық еркіндік туралы ережелер хартиясына қайшы келетінін мәлімдеді. Соған қарамастан Орталық Еуропа университеті әлі күнге Венада тұр.
Мұның бәрі Венгрияның келер жылғы сайлауға дайындығының шешуші сәті болды дейді Стронски.
Елдің ішкі және сыртқы саясатындағы өзгерістер кейінгі он жылда Орбанның басшылығымен жүзеге асырылды және 2022 жылы премьер-министр мен оның "Фидес" партиясы жеңілсе, бұл өзгерістердің бәрі жылдам бетбұрысқа алып келуі мүмкін.
"Орбанның кейінгі он жыл бойы елде болуы Қытайдан өзіне және венгр элитасына инвестиция алуға жол ашты. Егер билік басқа адамның қолына өтсе, Қытай саясаты осы күйінде қалады деуге сенім жоқ. Венгрияда про-қытай саясатын Орбан үкіметінен басқа ешкім қолдамайды" дейді Стронски.
ПІКІРЛЕР