Accessibility links

Шымкентте бірнеше белсендінің үйін полиция күзетті, біреуін бөлімшеге апарып, "митингіге шықпауды" ескертті


Абай саябағынындағы автотұрақта тұрған полиция көліктері. Шымкент, 7 мамыр 2021 жыл.
Абай саябағынындағы автотұрақта тұрған полиция көліктері. Шымкент, 7 мамыр 2021 жыл.

8 мамырда Шымкентте азаматтық белсенді Оралбай Біләловтің үйін күзеткен полиция қызметкерлері оны полиция басқармасына апарып, бір жарым сағаттан соң босатқан.

Біләловтің Азаттыққа айтуынша, 7 мамырдан бері екі полицей үйін қарауылдап тұр. 8 мамырда таңертең өзі оларға барып, "үйқамақта отырмағанын" айтып, күзетті тоқтатуды талап еткен. Содан кейін полицей шақырту қағазын көрсетіп, одан полиция басқармасына баруды сұраған. Біләловтің айтуынша полицейлер "қылмыстық іс бойынша куә ретінде" тергеуге шақырылғанын айтқан, ал белсенді ол шақыртуды оқудан бас тартқан.

– Шақырту қағазын алмаған соң, қарсылығыма қарамай, Абай аудандық полиция басқармасына алып барды. Әуелі түсініктеме жазуды сұрады, оны жазудан бас тартқан соң "Әблязов шақырған митингіге" шықпауды ескертті. Бір жарым сағаттан соң босатты. Митингіге шығу, шықпау – менің конституциялық құқығым, – дейді белсенді.

Біләловтің полиция басқармасына жеткізіліп, тергеушімен кездескенін басқарманың кезекші бөлімі растады. Бірақ полицейлер оны басқармаға не себепті апарғанын айтпады.

Нұр-Сұлтан соты экстремистік ұйым деп танып, жұмысына тыйым салған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайтын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы 7-9 мамырда Қазақстанның түрлі қалаларында билікке қарсы наразылық митингісіне жиналуға шақырған. Ол Шымкент белсенділерін үш күн қатарынан түсте Абай саябағына, кешке "Арбатқа" келуге үгіттеген. 7 мамырдан бастап Біләловтан бөлек Айжан Жолдасова мен Ғалымжан Қарабаевтың үйін де полиция күзетіп жүргені хабарланды. Екі күннен бері митинг өтеді деген Абай саябағы мен "Арбатты" жүздеген полицей күзетіп тұр.

Белсенді Оралбай Біләлов Шымкентте саяси тұтқындарға бостандық талап еткен, "Қытай экспансиясына", жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық білдірген бірнеше митингіге қатысқан.

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов наразылық митингісіне шығуға шақырған 1 мамыр күні Алматы мен Шымкентте бірнеше адам ұсталған. Ал наразылық жиындары өтпей қалған. Әблязов жиын болатын жер деп белгілеген орындар жабылып, маңайда полицейлер торуылдап жүрген.

11 ақпанда Еуропа парламенті "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарар қабылдап, Нұр-Сұлтанға елдегі адам құқықтары ахуалын жақсарту бойынша 20 талап қойған. Еуропарламент депутаттары "Қазақстан билігі үкіметтің саясатын сынайтын бейбіт наразылықтарды үнемі басып тастайды" деп мәлімдеген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "қарар мәтіні елдегі ахуалды бұрмалайды" деп, ондағы айтылған жайттарды жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG