Accessibility links

Билік: Қазақстанда тағы 2,3 мың адамға Covid жұқты, 26 науқас қайтыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда кейінгі бір тәулікте тағы да 2350 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Бұл туралы жексенбі, 9 мамырда денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Алматы қаласында – 637, Нұр-Сұлтанда 324 науқас жаңадан тіркелген. Аймақтар бойынша Қарағанды облысы (249) мен Алматы облысында (208) инфекция жұқтырғандар көбейіп отыр.

Биліктің мәліметі бойынша, елде коронавирус алғаш анықталғалы бері оны жұқтырғандардың жиынтық саны 342 589 адамға жеткен (алайда елде ресми деректің нақты әрі шынайы екеніне күмән келтіретіндер аз емес).

Денсаулық сақтау министрлігі 7 мамырда Қазақстанда коронавирус инфекциясы салдарынан 26 адамның қайтыс болғаны туралы дерек келтіреді: оның ішінде 24 адамның ажалына Covid-19 (диагноз ресми түрде расталған) себеп болса, тағы екі адам "коронавирусқа ұқсас пневмониядан" қайтыс болған делінеді. Сол күні ПТР тест нәтижесінде ағзасында коронавирус жоғын анықтаған 22 адамға "коронавирусқа ұқсас пневмония" диагнозы қойылған.

Қазақстанда былтыр маусым және шілде айларында жаз мезгіліне тән емес өкпе қабынуы дертімен ауырғандар күрт көбейіп, өлім-жітім артқанына қарамастан, билік олардың есебін жүргізуге тек тамыз айынан бастап кірісті. Содан бері елде жиынтығы 53 541 адамға "коронавирусқа ұқсас пневмония" диагнозы қойылды, осындай дертпен ауырған 831 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі "коронавирус пневмониясымен" ауырғандар және қайтыс болғандар статистикасын бөлек жүргізіп келеді.

Жексенбі күні жариялаған мәліметінде министрлік елде Covid-19 жұқтырған алғашқы науқас тіркелген 2020 жылғы 13 наурыздан бері одан 3913 адам қайтыс болған деп хабарлады. Бірақ бұл статистикаға зертханада жасалған зерттеу қорытындысы Covid-19 жұқтырып алғанын анықтаған мыңнан астам өлген адам енбеді. Себебі арнайы комиссия олардың ажалы басқа аурудан келді деп тапқан.

Вашингтон (АҚШ) университеті медицина мектебінің денсаулық көрсеткіштері және бағалау институтының (IHME) зерттеуінде Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны ресми статистикада көрсетілгеннен 14,5 есе көп екені айтылған. IHME есебі бойынша, Қазақстанда Covid-19 салдарынан 81 696 адам қайтыс болған.

9 мамырда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі IHME есебінде көрсетілген мәліметті жоққа шығарды. Министрлік "пандемия басталғаннан бері Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 6575 адам қайтыс болды" деп мәлімдеді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасаған министрлік, "2020 жылдың қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясынан 4729 адам, ал 2021 жылдың 4 айында одан 1846 адам қайтыс болды" деген дерек келтірді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылы 11 айда Қазақстанда барлығы 149 мыңнан астам адам қайтыс болған. Бұл 2019 жылғы сондай кезеңмен салыстырғанда 27 мың адамға (22%) артық. Денсаулық сақтау министрлігі былтырғы артық өлім-жітімнің арасында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған 4729 адамда қоспағанда, өзгелерінің ажалы басқа дерттен: қан айналымы жүйесінің, тыныс алу органдарының, жүйке жүйесінің аурулары, жұқпалы және паразиттік аурулардан болған дейді.

Қазақстанда Covid-19 бойынша ресми статистиканы сынап, ол елдегі шынайы науқастар мен вирустан қайтыс болғандар санын өте азайтып көрсетеді деп санайтындар аз емес. Сарапшылар "мақсатты жасалған манипуляция" болуы да мүмкін деген пікір айтады, ал кейбір лауазымды тұлғалар денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус жайлы келтірген кей дерегін "эквилибристика" деп атап, сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG