Қазан қаласында мектепте атыс болып, кемінде 9 адам қаза болды. "Казан репортер" басылымы оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты. Интерфакс та тоғыз адамның қаза болғанын хабарлады.
"Нақтыланған мәлімет бойынша, 8 оқушы және бір мұғалім қаза болды" деді аты-жөнін айтпаған дереккөзі агенттікке.
Кейбір дереккөзге сүйенсек, 11 немесе 13 адам мерт болған. РИА Новости агенттігі екі оқушының үшінші қабаттан секіріп, жазым болғанын жазды.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, оннан астам оқушы ауруханаға түскен. Барлығы 30 адам зардап шеккен.
Life полицияның мектепте оқ атқан адамды ұстап жатқан сәтінен видео жариялады.
Mash телеграм арнасының мәліметінше, оқиға кезінде 19 жастағы Ильназ Галявиев ұсталған. Ол бұрын осы мектепте оқыған, бірақ қазір техникумда білім алып жатыр. Ол полицияға үйіне бомба қойылғанын хабарлаған.
Оқиға орнына барған президент Рустам Минниханов ұсталған адамның 19 жаста екенін растаған. Мектепке сабақ кезінде шабуыл жасалған. Онда мыңнан астам бала оқиды.
Куәгерлер мектепте атыстан бөлек, жарылыс та болғанын айтады. Baza мектептен түсірілген делінген видео жариялады. Онда "жарылыстан кейінгі" қираған мектеп көрінеді.
Бірқатар БАҚ екінші шабуылдаушының да атып өлтірілгенін хабарлады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмады. Қанша адамның оқ атқаны да белгісіз.
Мектептің айналасын Росгвардия жасағы қоршаған. Оқиға орнына ондаған жедел жәрдем көлігі, полиция көлігі жеткен.
11 мамырда таңертең жедел қызмет нөміріне Қазан қаласындағы № 175 мектепте атыс болып жатқаны жайлы хабар түскен. Куәгерлердің айтуынша, ол кезде оқушылардың бір бөлігі далаға шығып үлгерген, бір бөлігі "кабинеттерінен шыға алмай қалған".
Татарстан республикасы білім және ғылым министрлігі алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер арасында бала жоқ мәлімдеген. Мэрияның баспасөз қызметі балалардың мектеп ғимаратынан шығарылып үлгергенін хабарлады.
Mash телеграм арнасының дерегінше, арнайы жасақ мектепке штурм жасаған. Балалар мектептің жоғарғы қабатынан эвакуацияланған.
Оқиға орнына Татарстан президенті Рустам Миннихановтан бөлек, денсаулық сақтау министрі Марат Садыков және аймақ прокуроры Илдус Нафиков барған.
ПІКІРЛЕР