Оралдағы аппеляциялық сот 10 күнге қамалған Маруа Ескендірованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
7 мамырда бірінші инстанция Ескендірованы "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айып, он күнге қамаған. Ол митинг ұйымдастырмағанын, Еуропарламент депутаттарына қайырылып, Қазақстадағы адам құқығының бұзылуын айтып, челлендж үшін видео түсірмек болғанын айтқан еді.
11 мамырдағы сотта Ескендірованың адвокаты Юрий Кобзарев қамау туралы сот шешімі шыққанда заң бұзылғанын айтты.
— 6 мамырда [Маруа Ескендірова] WhatsАpp мессенджеріндегі өзінің пікірлестеріне хат жіберіп, 7 мамырда челлендж өткізетінін айтқан. Мақсаты "шешілмеген мәселелерді" айту болған. Тергеуші ол тыйым салынған ҚДТ қозғалысына мүше дейді. Бірақ оған дәлел жоқ. Маруа Ескендірованың өзі ҚДТ-ға қатысым жоқ деп отыр. Челлендж – митинг емес. Сондықтан ол 488 баппен жазаланбауы тиіс. Челленджді кез келген адам рұқсатсыз ұйымдастыра алады, - деді адвокат.
Қорғаушының сөзін Ескендірова да қолдап, жалғыз өзі кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырғанын айтты. Судья Әлібек Ахметов апелляциялық шағымды қанағаттандырмай, Ескендірованың қамау жазасын күшінде қалдырды.
Маруа Ескендірова әкімшілікке митинг өткізетінін бірнеше рет ескертсе де, оған жергілікті билік рұқсат бермеген еді.
Сәуірдің соңында сот Ескендіроваға "24 сәуірдегі митингіге қатысып бейбіт жиын өткізу заңың бұзды" деп айыптаған. Ол кезде сот оған ескерту берген еді.
- Нұр-Сұлтан шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент өз қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
- Франциядан саяси баспана алған Әблязов Қазақстандағы жақтастарын билікке қарсы жиі митингіге шақырады. Өткен аптада ол шақырған митинг болмай қалған. Митинг алдында әр қалада белсенділерге қысым күшейіп, кейбірінің үйінің маңын полиция торуылдап жүрген.
- 2020 жылы Қазақстан "Бейбіт митинг туралы" жаңа заң қабылдаған. Билік бұл заңға сай, жұрт митингіге шығу үшін рұқсат алмайды, тек ескертсе жеткілікті деген. Бірақ құқық қорғаушылар бұл заң халықаралық стандарттарға сай келмейді деп сынаған.
- Қазір елде белсенділер митинг өткізуді әкімдікке ескерткенімен, жергілікті билік көбіне рұқсат бермейді. Әкімдіктерде митинг өткізуге рұқсат бермеуге көп себеп бар.
ПІКІРЛЕР