Accessibility links

Полиция Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп жүргендерді ұстаған


Қытай консулдығының алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. Полиция мен күзетшілер олардың жолын бөгейді. Алматы, 10 ақпан 2021 жыл.
Қытай консулдығының алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. Полиция мен күзетшілер олардың жолын бөгейді. Алматы, 10 ақпан 2021 жыл.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп, 93 күн бойы наразылық өткізіп жүрген бір топ адамды 11 мамыр кешке полиция ұстап әкеткен. Бұл туралы Азаттыққа ұсталғандардың бірі Байболат Күнболатұлы айтты. Оның сөзінше, полиция бірнеше адамды ұстап, бөлімшеге жеткізген.

- Қытайда қалған жақындарын іздеген аналар әдеттегідей Қытай консулдығының алдында пикет өткізді. Ол жерден тікелей эфир түсіріп, екінші нысан Қытай банкіне бардық. Біз консулдық алдынан кеткен соң үш адамды – Ақиқат Қалиоллаұлы, Нұрзат Ермекбайқызы және Гүлпия Қазыбекқызын алып кетті. Қытай банкінің алдында іс-шара өткізген соң Жеңіс Зарқанұлы үйіне барған, оны сол үйінен алып кетіпті. Банктен шыққан соң үшінші жер – Қытайдың Sinooil жанармай құю станциясына бардық. Ол жерде наразылықты тікелей эфирге түсірдім. Эфирімді аяқтағаннан кейін көлігімізге барып отырмақ болып едік, көліктің айналасын полицейлер қоршап тұр екен. Сол жерден бәрімізді алып кетті. Қайта эфирге шығуға мүмкіндік болмады, телефонымды бірден алып алды. Менімен бірге тағы төрт адам – Алмахан Мырзанқызы, Тұрсынгүл Нұрақай, Халида Ақытқанқызы және Бикамал Кәкенқызын ұстап әкетті. Мені Медеу аудандық полиция бөлімшесіне алып апарды. Ал қалғандарын қайда әкеткенін білмеймін, - деді ол Медеу аудандық полиция бөлімшесіне шыққан соң.

Күнболатұлының айтуынша, полиция бөлімшеде Қытай консулдығы алдындағы наразылық шаралары жайлы сұраған.

- Бөлімшеде маған бір видеоны көрсетті. "5 сәуірде Қытай консулдығы алдында митинг өткізіпсіз" деді. Ол негізі бұрын түсірілген видео еді, мен оны парақшама өзім салғанмын. Дауласып, кейін 7 мамырдағы тағы бір видеоны да көрсетті. "Консулдық алдында наразылыққа шыққандармен бірге сөз сөйледің" дейді. Мені ұстап алды да, қандай айып тағарын білмей бірнеше сағат жүрді. Хаттамаға қол қоймадым және түсініктеме жазбай қойдым. Кейін кешкі тоғыздан аса "ертең келіңіз" деп қолыма шақырту беріп, босатты, - дейді ол.

Күнболатұлы полицияның мұндай әрекетін сес көрсету деп санайды. Азаттық тілшісі ұсталғандардың бірі Тұрсынгүл Нұрақайдың босатылғанын анықтады. Қалғандары жайлы әзірге ақпарат жоқ, телефондары өшіп тұр.

Полицияның Қытайдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген адамдарды ұстағанын "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина мен құқық қорғаушы Ерлан Қалиев те жазды. Олардың сөзінше, полиция ұсталғандарды Медеу және Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген.

Алматы қалалық полиция департаментінен бұл жағдай жайлы комментарий алу мүмкін болмады.

  • Қытай Шыңжаңда қалған жақындарымызды босатпай отыр деген бір топ адам 93 күннен бері Алматыдағы Қытай консулдығы алдына келіп наразылық өткізіп жүр. Олар Пекиннен туыстарын босатуды талап етеді. Полиция наразылыққа шыққандарға жиі кедергі келтіреді.
  • Кейінгі кезде олар консулдықтан бөлек Алматыдағы Қытай банкіне және Қытайдың Sinooil жанармай құю станциясына да барып жүр.
  • Шыңжаңда қалған інісін босатуды талап етіп жүрген Байболат Күнболатұлы Қытай консулдығы алдында наразылық өткізгені үшін "бейбіт жиын заңын бұзды" деген айыппен он күнге қамалып шыққан.
  • БҰҰ Қытай билігі Шыңжаңда миллионнан аса ұйғыр, қазақты еш себепсіз лагерьге я түрмеге қамап отыр деп мәлімдеген. Қытай лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді, Шыңжаңдағы әрекетін "экстремизммен күрес" деп атайды.
  • Шыңжаңда туысымыз қамалды деген қазақстандықтар Нұр-Сұлтаннан жиі көмек сұрайды. Қазақстан билігі дипломатиялық арналар арқылы олардың арызын қарастырып жатқанын жиі айтады. Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы қазақтардың мәселесіне қатысты нақты бір ұстаным айтпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG