Accessibility links

"Қытайға қатысы бар" мекемелерде акция өткізіп, ұсталған үш адамға ескерту берілді, сот жалғасып жатыр


Қазақстандағы Қытай банкі ғимараты алдында Шыңжаңда "заңсыз қамалған" туыстарына араша сұрап тұрған топ. Алматы, 6 мамыр 2021 жыл.
Қазақстандағы Қытай банкі ғимараты алдында Шыңжаңда "заңсыз қамалған" туыстарына араша сұрап тұрған топ. Алматы, 6 мамыр 2021 жыл.

Алматы қаласының әкімшілік соты Қытай консулдығы мен "Қытайға қатысы бар" делінген бірқатар мекеме алдында наразылық акциясын өткізген үш адамға ескерту берді. Сәрсенбі күні күндіз сот ғимаратында тағы бірнеше адамның соты өтіп жатты. Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен азаматтарға "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айып тағылып отыр.

11 мамырда кешке Алматыда Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп, "Қытайға қатысы бар" делінген мекемелердің бірінде акция өткізген сегіз адамды полицияның ұстап әкеткені белгілі болған еді. Полиция кейінірек оларға шақырту қағазын тапсырып, босатып жіберген.

Сейсенбі күні түнде сот үш адам: Ақиқат Қалиолла, Гүлпия Қазыбекқызы және Тұрсынгүл Нұрақайды "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бап, 6-бөлігі) деп кінәлі деп танып, ескерту берген.

Сот шешімінде олардың 11 мамырда Қытайдың Алматыдағы консулдығы жанында "Қытайдағы геноцид тоқтатылсын", "Концлагерь жабылсын", "Қазақты қорламасын", "Жазықсыздар босатылсын" деген жазуы бар плакаттар мен суреттермен "заңсыз акция" жасағаны жазылған. Сот шешімінде олардың "кінәсін мойындағаны" да айтылған.

"Сейсенбі күні күндіз бөлімшеде болған кезде олардан полиция "не үшін 93 күн акция жасайсыңдар, неге бізді жаман атты қыласыңдар" деп сөккен. Телефондарын тартып алып, ондағы кейбір деректі өшірткен. Олар Sinoil компаниясы алдында пикет жасап, содан қайтып келе жатқан кезде ұсталған" деді оқиғадан хабардар тұрғындардың бірі Алтынай Арасанқызы Азаттық тілшісіне.

Азаттық бұл мәселеге байланысты Алматы полициясына хабарласқанмен нақты жауап ала алмады.

Сәрсенбі күні күндіз тағы бес адам: Жеңіс Зарқан, Байболат Күнболатұлы, Нұрзат Ермекбай, Халида Ақытқанқызы және Алмахан Мырзанқызының соты өтіп жатты.

  • Қытай Шыңжаңда қалған жақындарымызды босатпай отыр деген бір топ адам 94 күннен бері Алматыдағы Қытай консулдығы алдына келіп наразылық өткізіп жүр. Олар Пекиннен туыстарын босатуды талап етеді. Полиция наразылыққа шыққандарға жиі кедергі келтіреді.
  • Кейінгі кезде олар консулдықтан бөлек Алматыдағы Қытай банкіне және Қытайдың Sinooil жанармай құю станциясына да барып жүр.
  • Шыңжаңда қалған інісін босатуды талап етіп жүрген Байболат Күнболатұлы бұған дейін Қытай консулдығы алдында наразылық өткізгені үшін "бейбіт жиын заңын бұзды" деген айыппен он күнге қамалып шыққан.
  • БҰҰ Қытай билігі Шыңжаңда миллионнан аса ұйғыр, қазақты еш себепсіз лагерьге я түрмеге қамап отыр деп мәлімдеген. Қытай лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді, Шыңжаңдағы әрекетін "экстремизммен күрес" деп атайды.
  • Шыңжаңда туысымыз қамалды деген қазақстандықтар Нұр-Сұлтаннан жиі көмек сұрайды. Қазақстан билігі дипломатиялық арналар арқылы олардың арызын қарастырып жатқанын жиі айтады. Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы қазақтардың мәселесіне қатысты нақты бір ұстаным айтпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG