Accessibility links

Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерін беруге тыйым салатын заңға қол қойды


Алматыдағы жер митингісі. 24 сәуір 2021 жыл.
Алматыдағы жер митингісі. 24 сәуір 2021 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Аталған құжат президент Тоқаевтың бастамасымен әзірленген. Бұған дейін жобаны әзірлеушілер құжат ауыл шаруашылық жерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға, халықаралық ұйымдарға, халықаралық ұйымдардың қатысуы бар ғылыми орталықтарға, қандастарға беруге тыйым салады деп мәлімдеген еді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін берілген жерлер жалға алу мерзімі біткенше жер иелерінде қала береді. Қазір 74,4 мың гектар жерді – шетелдік компаниялармен бірлескен жеті кәсіпорын, 18,5 мың гектар жерді шетелдік екі заңды тұлға жалға алып отыр. Жалға алу мерзімі 2022-2025 жылдары аяқталады.

Жақында белсенділер аталған заң жобасы шетелдіктерге орман өсіру үшін 25 жылға жалға жер алуға мүмкіндік береді деп мәлімдеп, аталған жобаны тоқтатуды талап еткен. Осыдан соң парламент қажетті түзетулер енгізген. Алайда белсенділер ауыл шаруашылық немесе орман өсіру ғана емес, кез келген мақсаттағы жер шетелдіктерге берілмеуі тиіс деп санайды.

Қазақстанда шетелдіктерге жер сатпау және оны жалға бермеу туралы талаптар жиілеген шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпанның соңында оған заң түрінде тыйым салуды тапсырған. Наурыз айының ортасында заң жобасы парламентке түсіп, жақында толық мақұлданған.

Қарай отырыңыз: Сенат жер туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды. Неге? (29 сәуір 2021 жыл).

Сенат жер туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды. Неге?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.

Сәуірдің соңында осы мораторий мерзімінің тағы бес жылға ұзартылатыны белгілі болып, Жер кодексі нормаларын талқылау үшін құрылған жер комиссиясы тараған. Комиссияның кейбір мүшелері "билік пен ірі жер иеленушілер қалай болғанда да жерді сатуды көздеп отыр, мораторий ұзартылып, жер сату бес жылға кейінге қалды" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG