Accessibility links

Армения билігі Әзербайжан әскерінің мемлекеттік шекарадан өтіп кеткенін хабарлады


Армения қорғаныс министрлігі Әзербайжан қарулы күштерінің шекарадағы Сюник облысы маңында "бірқатар жұмыс" жүргізгенін хабарлады. Олардың айтуынша, әзербайжан тарабы 12 мамырда Севлич көлі (Қара көл) жағынан Арменияның мемлекеттік шекарасын кесіп өтіп, Веришен елді мекеніне қарай үш шақырым жылжыған. Бұл туралы Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

Горис қаласының мэрі Ирина Йолянның сөзіне қарағанда, бұл ауданда әскері де шоғырланған.

"GPS бойынша айтсақ, мәселе Севлич көлінің бір бөлігі туралы болып отыр. Оның 30 пайызы – солардың бақылауында. 70 пайызы бізге қарайды. Қазір олар Севличтен асып та кеткен. Веришен елді мекеніне үш шақырым жақындаған. Өздерімен бірге едәуір әскер де ала келген" деді ол.

Осыған дейін интернеттегі түрлі ақпарат көздері Ишханасарға барар жолда соғыс жүріп жатқанын хабарлаған. Севлич көлі Ишханасар баурайында – Сюник пен Таулы Қарабақ шекарасында орналасқан.

Армения қорғаныс министрлігі бұл аумақта соғыс жүріп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство Әзербайжан қарулы күштерінің "шекараны нақтылау" мақсатында Сюник маңында бірқатар жұмыс жүргізгенін растады. Қорғаныс ведомствосының айтуынша, армян жасағы шара қолданғаннан кейін әзербайжан әскері жұмысты тоқтатқан, қазір қалыптасқан жағдайды реттеу бойынша келіссөз жүріп жатыр.

Сюник облысының губернаторы Меликсет Погосян әзербайжандардың көл аумағынан өтіп кеткенін естімегенін жеткізді. Шенеунік әзербайжандар Армения мемлекеттік шекарасынан өтіп кеткенін түсінсе, қайта шегінеді деп санайды.

"Қар еріді, жол ашылды, енді оларда ашық алаңқайлар пайда болды. Сүйтіп, посттарын қойып жатыр. Бірақ біз мемлекеттік шекараны кесіп өтуге мүмкіндік бермейміз" деді губернатор.

Веришендегі қауым жетекшісі Арарат Ордянның айтуынша, қазір әзербайжан әскері осы елдімекеннің шекарасында жүр. "Біздікілер де әскер тартып жатыр, армян әскері келмеді деген нәрсе шындыққа жанаспайды" деді ол. Бірақ олар тараптар арасында қақтығыс болмағанын айтты. "Жоқ, қазір тек дау ғана бар, болды" деді ол.

13 мамырда Армения премьер-министрі міндетін атқарушы Никол Пашинян Қауіпсіздік кеңесін өткізіп, Севлич көлі маңындағы ахуалды талқылаған. Пашинян оқиғаны "диверсия" деп атады.

"Армения бұған көз жұмып қарай алмайды. Алайда қазір біздің негізгі міндетіміз мәселені келіссөз арқылы, оның ішінде дипломатиялық арналар арқылы шешу. Бірақ бұл бір ғана жолы" деді Пашинян.

Оның айтуынша, әзербайжан әскері қару қолданбаған.

"Олар өздерінің әрекетін қандай да бір жалған карталар арқылы негіздеуге тырысты. Ал армян жағында Совет одағының орталық билігі бекіткен карта бар. Онда Армения мен Әзербайжан арасындағы шекара қай жерден өтуі тиіс, бәрі анық жазылған" деді Пашинян.

Ол Сюниктегі жағдай ішкі саяси спекуляция құралына да айналып үлгергенін жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG